Қазақстан мен Чехия арасындағы келісім аясында Пржевальский жылқысының кезекті партиясы Қостанай облысына жеткізілді.
Төрт жабайы жануарды тиеген әскери ұшақ Қостанай әуежайына келіп қонды. Ол жерден кертағылар бірден арнайы көлікпен Амангелді ауданындағы «Алтын дала» табиғи резерватына жөнелтілді. Халықаралық келісімге сәйкес жалпы саны қырық Пржевалский жылқысы осы өңірде жерсіндірілетін болады. Ал Торғай даласы жабайы табиғатта сирек кездесетін жануардың ежелгі мекені саналады.
Ленка Полиакова, Прага хайуанаттар бағының директоры:
- Прага хайуанаттар бағы осы жануар түрін сақтап, оны тарихи мекені Қазақстанда жерсіндіруге барынша атсалысып келеді. Бүгін біз Пржевальский жылқысының 4 аталығын әкелдік. Бұл табиғи ортада тіршілік ететін жабайы жылқылар тобын қалыптастыру үшін маңызды. Алдағы жұма күні 4 бие жеткізіледі. Айта кетелік, кертағынының ұрғашысына қарағанда еркегін тасымалдау көп қиындық тудырады.
Данияр Тұрғамбаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:
- Алдында әкелген жылқылармен қоса есептегенде қазіргі уақытта елімізде 18 жылқы болды. Сонымен қатар 5 маусым күні бағдарлама аясында тағы 4 жылқы әкелу жоспарланып отыр. 2029 жылға дейін бағдарлама аяқталғанша 40 бас жылқы әкелу жоспарланып жатыр. Алдында әкелген жылқылар екі жылда біздің табиғатымызға бейімделіп қалады, қазір жағдайлары жақсы.
Тегтер #жылқылар #тарихи мекен #Чехия #Қазақстан #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz