Атырауда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту орталығы ашылды. 150 адамға арналған «Алмалы» оңалту орталығы науқастарға 6 бағыт бойынша қызмет көрсетеді.
Бүгін заманауи нысанның салтанатты ашылу рәсімі өтіп, оған облыс әкімі, зиялы қауым өкілдері мен өңір тұрғындары қатысты.
Жаңа орталық мүгедектігі бар балалар мен ересектерге қызмет көрсетеді. Ғимаратта сауықтыру-жүзу бассейні, спорт және мәжіліс залдары, дәрігерлік кабинеттер мен оңалту-жаттығу бөлмелері орналасқан. Сондай-ақ келушілерге арналған асхана жұмыс істейді. Бұл – еліміздегі санаулы заманауи орталықтың бірі.
Серік Шәпкенов, облыс әкімі:
- Бұл ғимараттың өзі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының берген тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның 4 өңірінде іске асырылып салынса, соның бірі міне - Атырау. Бұл ғимараттың ішінде барлық заманауи құрал-жабдықтарменен белгілі бір методикалармен ем алуға барлық мүмкіндіктер жасақталған.
Мұнда оңалту қызметі 6 бағытта жүргізіледі. Науқастарға медициналық, әлеуметтік, психологиялық, мәдени, құқықтық қызметтер көрсетеді. Келушілердің шығармашылық қабілетін дамытуға арналған үйірмелер де бар.
Анар Каюпова, «Алмалы» әлеуметтік оңалту орталығының директоры:
- Орталық 150 орындық. 75 бала, 75 ересек мүгедектігі бар адамдарға арналған. Мәдени шаралар бар. Әр түрлі еңбекке баулу жұмыстары жүргізіледі. Еңбекке баулудың ішіне қышпен жұмыс жасау, қолөнерлермен айналысады. Алдағы уақытта тағы да осы жақсы-жақсы еңбекке баулу жұмыстарын жүргізетін боламыз.
Ғимаратта мүгедектігі бар жандардың емін-еркін қозғалуы үшін жеделсатылар да орнатылған. Науқастарға 180 қызметкер көмек көрсетеді. Әлеуметтік оңалту орталығы өңірдегі ерекше қажеттілігі бар азаматтардың қоғамға бейімделуіне және белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Атырау #әлеуметтік оңалту #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz