Павлодарда «Ertis Bala Magic» фестивалі өтті. Жазғы демалыстың басталуына арналған мерекеге он мыңға жуық бала жиналды.
Ертіс жағалауы бұл күні балалардың шат күлкісіне толып, мерекелік көңіл-күйге бөленді. Сахнада ертегі кейіпкерлері өнер көрсетіп, түрлі шоу бағдарламалар ұйымдастырылды. Сонымен қатар ұлттық мәдениет пен заманауи өнер ұштасқан қызықты қойылымдар көрермен назарына ұсынылды.
Бүгін Ертіс жағалауында ине шаншар орын қалмады. Мерекенің басты кейіпкерлері де, көрермендері де – балалар болды. Әсерлі қойылымдар бүлдіршіндерді қиял әлеміне жетелеп, ұмытылмас әсер сыйлады.
Алма Айтуарова, облыстық Білім беру басқармасы басшысының орынбасары:
- Бүгін бізде Ertis Magic Bala – үлкен бір облыстық іс-шара өтіп жатыр. Іс-шараға жалпы он мыңнан астам бала қатысып отыр. Бүгінгі іс-шараға жарты жыл дайындалдық. Қосымша білім беру ұйымдару толық жұмыс істеп жатыр.
Мерекенің көркін үш жүзден астам оқушы орындаған «Айгөлек» ән-би композициясы ашты. Жалпы концерттік бағдарламаға бес жүзге жуық оқушы қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Ал түрлі шеберлік сабақтары, көрмелер мен шығармашылық алаңдар балалар мен ата-аналардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Салтанат Өтемісова, Музыкалық колледждің қазақ ұлт аспаптар бөлімінің меңгерушісі:
- Ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында балаларымызға домбырамен ортекеде ойнауды үйретіп жатырмыз. Қарап тұрсаңыз, қазір әрбір екінші бала домбырада ойнай біледі.
«Армандар қаласы» алаңында мерекенің кішкентай қонақтары сурет салуды үйренді. Интерактивті қойылымдар мен ертегі кейіпкерлерінің шеруі балалардың жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Айым Рахимова, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Өте қуаныштымын. Балаларға арналған көптеген қызықты бағдарламалар жүріп жатыр. Жарты сағаттан асты жүргенімізге, әлі қызық таусылар емес.
Бүгін барлық жазғы сауықтыру лагерьлері өз жұмысын бастады. Осылайша мыңдаған оқушы үшін қызықты жазғы демалыс маусымы ашылды. Биыл өңірде оқушылардың 99 пайызы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылады деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Павлодар #балалар мерекесі #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz