RU
Толық нұсқаға өту

Балалардың бақытты мекені

01.06.2026, 19:10 23

Махаббат пен қамқорлық мекені. Астанадағы «Замандас» отбасылық аула клубын осылай да атауға толық негіз бар. Бірегей әлеуметтік жоба елордада 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, отбасы институтын нығайту. «Замандас 21» қоғамдық қоры Астанадағы жеті отбасылық клубты біріктіреді. Ал тәрбиеленушілер саны 5 мыңға жуықтайды. 

Бір кездері «Замандас» отбасылық аула клубы жертөледегі шағын ғана бөлмеде орналасқан еді. Ол кезде мұнда небәрі 5-6 үйірме жұмыс істейтін. Қазір олардың саны 22-ге жетті. Би және театр студиялары, шахмат, домбыра, тіл курстары, спорт секциялары бар. Келем деушілерге клубтың есігі әрдайым ашық. Дегенмен негізгі аудиториясы – көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасылардың балалары. Олар үйірмелерге тегін қатысады.

Ләззат Алшынова, «Замандас 21» қоғамдық қорының директоры:

- Бұл жобаның ерекшелігі – біз мұнда тек балаларды ғана емес, бүкіл отбасын шақырдық. Ата-аналармен де жұмыс істейміз. Сондықтан жоба «Отбасылық аула клубы» деп аталады. Балаларды дамыту үшін ата-аналардың да дамуы өте маңызды. Себебі ата-ананың өзі қызықты әрі белсенді болса, бала да солардан үлгі алады. Олар көрсеткен жолмен жүреді. Баланы тәрбиелеуден бұрын, ең алдымен өзің өзгеруің керек. Осы идея бізді отбасы мәселелерімен айналысуға жетеледі. Әсіресе, балаларын сабақтан кейін түрлі үйірмелерге беруге мүмкіндігі жоқ отбасыларға қолдау көрсетуге мән бердік. Баланың жан-жақты дамуы мен бос уақытын тиімді ұйымдастыру өте маңызды.

Клуб жыл он екі ай жұмысын тоқтатпайды. Дәл осы уақытта жазғы демалыста жүрген мыңдаған бала уақытын өз бетінше пайдалы өткізеді. Бұл – клубтың басты ерекшелігі. Мұнда арнайы психологиялық қызмет те көрсетіледі. Ата-аналар мен балалар тәрбие, отбасылық қарым-қатынас мәселелері бойынша мамандарға жүгініп көмек ала алады. Сонымен қатар ата-аналар арнайы курстар мен тренингтерге қатысу мүмкіндігіне ие.

Жүзім Тасжанова, қала тұрғыны:

- Осы замандас отбасылық клубына келіп жүргенімізге 4 жылдай уақыт болып қалды. Таеквондоға, арт-терапияға келеміз. Сондықтан осы клубты ашқан басшылыққа, істеп жатқан ұстаздарға шын жүректен алғыс білдіремін. Себебі  клуб өзімізге ыңғайлы. Әрдайым жарыстарға да шығып тұрамыз.

Жылдар бойы «Замандас 21» берік экожүйе қалыптастырды. Қор көптеген әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Соның бірі – аула хоккей лигасы. Сонымен қатар мектептердегі зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алуға бағытталған жобалар да бар. Әсіресе тіл курстары үлкен сұранысқа ие.

Карима Толыбаева, ағылшын тілі пәнінің оқытушысы:

- Балаларға тегін сабақ беру мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Осы арқылы қоғамға өз үлесімді қосып жүргендей сезінемін. Бұл маған қатты ұнайды. Алғаш жұмысқа орналасқан кезде шамамен жарты жыл бойы ерікті ретінде мүлде ақысыз қызмет атқардым. Қазір бізге аптасына екі рет ағылшынтілді волонтер келеді. Бұл балалардың ауызекі сөйлеу дағдыларын жетілдіруге таптырмас мүмкіндік береді.

Биыл «Замандас 21» өзінің 15 жылдық мерейтойын атап өтеді. Осыған орай тәрбиеленушілер ауқымды концерттік бағдарлама дайындап жатыр. 

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мерей Талап, Ислам Махамбет

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz