RU
Толық нұсқаға өту

Елде қосымша білім беру жүйесі дамып келеді

01.06.2026, 19:20 28

Елде қосымша білім беру ісі ілгерлеп келеді. Дегенмен тегін үйірмелер қат. Олай дейтініміз, қосымша біліммен қамтылған 3,5 млн оқушының 60 пайызы ғана тегін секцияларға барады.

Қалғаны ақылы орталықтардың қызметіне жүгінеді. Салада іркілістер де, ілкімді істер де бар.

Елде 3,5 млн жас қосымша біліммен қамтылған. Бұл жалпы оқушылардың 90 пайызы. Олардың 2,2 млн-ы тегін үйірмелерге барады. Яғни 60 пайызы секцияларға ақысыз қатысып жүр. Ал қалған қараша баласының қосымша біліміне қаражат жұмсайды. Себебі елде мектептен тыс тегін тәрбие ұйымдары қат. Дегенмен сең енді қозғалған сыңайлы. Айталық, былтыр мұндай орталықтардың саны 25 пайызға артып, екі мыңнан асқан.

Қосымша біліммен қамту - 90%

Оқушылар - 3,5 млн

Тегін үйірме - 2,2 млн

Қосымша білім беру - 2 мың ұйым

Бір жылда - 25%

Алтай Рақымберлин, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы:

- Бүгінгі күні елімізде қосымша білім беруді қамту бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елде 2 мыңнан астам қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Олар балалар шығармашылық үйлері. Оқушылар үйлері, өнер мектептері. Жалпы еліміз бойынша 132 мың 128 үйірме жұмыс жасайды және 380 бағыты бойынша осындай 130 мыңнан астам үйірмелер жұмыс істейді.

Балаларды қосымша біліммен қамту үшін билік ваучерлік жүйені іске қосты. Бүгінде ілкімді істің игілігін 600 мыңнан астам оқушы көріп отыр. Дегенмен мемлекет мезіреті бәріне бірдей жетпейді. Кезегін күткен өрендер көп. Астананың өзінде 70 мың бала тегін қосымша білім алса, 50 мыңы кезекте тұр.

Дидар Байтасов, Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының басшысы:

- Астана қаласы бойынша ваучерлік қаржыландыру негізінде 70 мыңға жуық бала қосымша білім беру мен қаржыландырылады. Оның ішінде 25 мың бала мақсатты ваучерлік бойынша мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарында және 45 мыңға жуық бала жеке меншік ұйымдарда қызмет алуда.

Бүгінде бас қалада 596 жеке меншік тәрбие ұйымы мемлекеттік тапсырыс аясында қызмет көрсетеді. Бұл дегеніңіз ваучерлік жүйе жеке сектор өкілдерін ынталандырып, білім беру ісіне инвестиция салуға себеп болып отыр деген сөз. 

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz