Кейінгі 5 жылда елімізде пластикалық операция мен косметологиялық шаралар кезінде 4 адам қайтыс болды. Оның біреуі Астанада, екеуі Алматыда, тағы бірі Маңғыстау облысында тіркелді.
Осы аралықта клиникаларға жоспардан тыс 92 рет тексеріс жүргізіліп, кінәлілерге қатысты 24 әкімшілік хаттама толтырылды. Пластикалық хирургия саласында резонанстық оқиғалар жиіледі. Денсаулық сақтау министрлігі талаптарды күшейтпек. Нарықтағы ахуалды шолушымыз бағамдады.
Қазақстандықтар кейінгі жылдары қандай пластикалық операция түрлерін таңдауда? Хирургиялық жолмен эстетикалық әсемдікке ұмтылу трендтері қандай? Бұл жайында нарықтың бел ортасында жүрген пластикалық хирургтен сұрадық. 6 жыл еңбек тәжірибесі аясында Рүстем Рахымбеков түрлі операция жасаған.
Рүстем Рахымбеков, пластикалық хирург:
- Қазір әйелдер өзінің жас кезіндегі формасын келтіргісі келеді. Босанған соң әйелдің денесі өзгереді, майлары көбеюі мүмкін. Артық майды әлбетте алып тастаймыз. Абдоминопластика жасалады. Оны артық майды алусыз жасаудың қажеті жоқ. Біз абдомино жасаған кезде міндетті түрде липосакция жасаймыз. Ол артық майларын алып тастау.
Дәрігер дәл осы липосакция - пластикалық хирургиядағы ең күрделі операциялардың бірі, - деді. Онда іш, бел, жамбас, бөксе, иек тұсындағы майлар арнайы тәсілмен сорып алынады. Мақсат – мүсінді әдемілеу. Бізде артық сантиметрлерді азайтуға деген сұраныс бұл операция түрі пайда болған уақыттан бері азаймаған.
Липосакция – күрделі операция
Рүстем Рахымбеков, пластикалық хирург:
- Үнемі сұранысқа ие операция. Липосакция - пластикалық хирургияда ең күрделі, ең қауіпті операция деп саналады. Ол үшін адам денсаулығында ешқандай ауытқулар болмау керек. Қалған операциялардан кейін біз келесі күні жібере алсақ, липосакциядан кейін міндетті түрде 3 күн бақылауымызда болады. Одан кейін ғана үйіне жібереміз.
Сосын бет әжімін тарту, ринопластика яғни мұрын пішінін өзгерту, маммопластика - көкірек формасын түзету секілді сұраныспен келетіндер жиілеген. Ал блефаропластика елімізде ең көп сұранысқа ие пластикалық операция, - дейді хирург.
Оған әйелдермен қатар ерлерден де сұраныс көп. Алайда кез-келген бұндай әрекет тәуекелімен қатар жүретінін ұмытпаған жөн. Сол үшін пациентпен келісімшарт жасасардың алдында оның денсаулық жағдайы тыңғылықты тексерістен өткізіледі. Қандай да олқылық анықталса, пластикалық хирург операция жасаудан бас тартады.
Рүстем Рахымбеков, пластикалық хирург:
- Егерде хирург ешқандай қиындықтар туралы айтпаса, тек қана жақсы нәтижеге уәде берсе, онда оған жүгінудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Келісімнің ішінде оны біз тек айтып қана қоймай, ол бізде құжат түрінде қағазда жазылған. Оның бәрін біз айтамыз, қағазда көрсетеміз. Пациент егер келіссе қол қояды, содан кейін ғана біз операция жасауға хақымыз бар.
Нарық заманында азаматтардың пайданы ғана көздейтін клиникаға ұрынбасына кім кепіл? Елімізде 5 жылда 4 адам көз жұмғанын сөз басында айттық. Тағы бір пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтірілген. Жоспардан тыс тексерулер кезінде заң бұзушылықтар анықталып, клиникаларға 5 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.
Кейде созылмалы ауруы барын өзі де байқамаған адамдар кездеседі, - дейді мамандар. Енді косметологиялық қызмет көрсетуге талаптар қатаңдайды. Оның ішінде анестезиология қауіпсіздігіне баса мән беріледі. Клиникалар 5 жыл сайын лицензиясын қайта дәлелдеуі тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі осындай өзгеріс енгізбек. Айта кетейік, елде пластикалық операция жүргізуге құқылы 295 клиника бар.
Косметология клиникаларына талап күшейеді
Бауыржан Жүсіпов, ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:
- Бізде арнайы е-лицензия порталы бар. Сол бойынша тексерген кезде 295 клиника жұмыс істейді. Соның 240-ы жеке меншік клиникалар. Соңғы 5 жыл ішінде арнайы анализ жасаған кезде жалпы осындай пластикалық хирургия клиникаларына шағым түсу бойынша 92 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Енді тексерістердің нәтижелері әртүрлі, оны былай айтуға болмайды. Кейбір жағдайда өлім жағдайы тіркелген жағдайлар да бар.
Ал Алматыда блогер Сәуле Ермаханованың жекеменшік клиникада қайтыс болу оқиғасына байланысты тексеру жалғасуда. Құзырлы министрлік тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен арнайы комиссия құрған. Ақтаудағы ер адамның қазасына қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #пластикалық операция #медицинаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz