Түркістан облысындағы табиғи қорық аумағында Қызыл кітапқа енген арқарларды атты деген күдікпен екі браконьер ұсталды.
Кентау қаласына қарасты Байылдыр ауылының тұрғындарынан екі бас арқардың ұшасы, басы мен терісі және тағы басқа аң еттері тәркіленді. Олардың нақты түрі сот-сараптамалық анықтама қорытындысынан кейін белгілі болады. Қазір күдіктілерге қатысты Қылмыстық кодекстің 339-бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Мемлекеттік инспекторлардың мәлімдеуінше, ұсталғандар жануарларды 16-калибрлі аңшылық мылтықпен атқандарын мойындаған. Алайда қару оқиға орнынан табылмады. Алдын ала болжам бойынша, мемлекетке келтірілген шығын көлемі 38 миллион теңгеден асады. Қорық аумағында аң аулауға заңмен қатаң тыйым салынған.
Бақыт Мұсалиев, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
- Екі бас анықталып отырған арқардың денесі бойынша қоршаған ортаға 38 млн-нан жоғары шығын келді деп есептеліп отыр. Қызыл кітапқа кірген, жойылып кету қаупі төнген аңдарға қатысты алғашқы жағдай. Бұның алдында елік аңын олжалау және қаз, үйрек атып алу фактілері тіркелген болатын.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Түркістан #жануарларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz