Бүгін Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 80 жыл. Айтулы күнге орай отандық ғылымның қарашаңырағында «Жасанды интеллект дәуірі» атты II Жас зерттеушілер форумы өтті.
Еліміздің 13 өңірінен келген 385 оқушы жасанды интеллект, робототехника, биомедицина, экология және цифрлық технологиялар бағытындағы инновациялық жобаларын таныстырды.
Президент жанындағы Ұлттық ғылым Академиясы отандық ғылым саласын реформалау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Солардың бірі жас ғалымдарды ғылымға тарту. Биыл екінші рет өтіп отырған Жас зерттеушілер форумы сол жұмыстардың бір бағыты. Цифрландыру мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде жастарды мектеп кезінен бастап ғылымға бейімдеу, қолдау маңызды, - дейді Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президент жанындағы ҰҒА президенті:
- Арнайы екі бағдарлама дайындалды. «Жас ғалым» және «Жас зерттеушілер буыны» деген бағдарлама. Бұлардың үш мақсаты бар. Біріншіден, ғылымды жастардың арасында дәріптеу. Екінші мәселе, жас таланттарды анықтап, оларға қолдау көрсету. Үшінші мәселе, сол жас таланттарға қолдау көрсетіп, үлкен ғылымға алып келу. Бүгінгі форумда мақсаты осында.
Форум аясында оқушылардың ғылыми әзірлемелерінің көрмесі ұйымдастырылды. Бұл жас ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығының жоғары екенін аңғартады. Олар жасанды интеллект, робототехника, биомедицина, экология және цифрлық технологиялар бағытындағы инновациялық жобаларын таныстырды. Олардың қатарында нейрожүйе конструкторлары, қауіпті ерте анықтайтын Жасанды интеллект жүйелері, медициналық болжам модельдері және білім беру платформалары бар.
Санжар Полат, Білім инновация лицейінің 10-сынып оқушысы:
- Бүгінгі форумға өзімнің AirTrees жобаммен келдім. Бұл қазіргі ең ауқымды проблемалардың бірі - озон қабатының кішіреюі және ормандардың жойылуын тоқтатуға көмектесетін жоба. Жобада біз ұшақтар арқылы стратосферадан капсулалар лақтырып, ормандардың санын көбейтуге тырысамыз және жоба екі масштабтан тұрады.
Жазира Жөндербек, «Алматы балалар ғылым музейі» білім бағдарламаларын құрастырушы:
- Almaty children science museum балалар ғылым музейі -Орталық Азиядағы алғашқы балалар ғылым музейі. Мұнда 1,5 жастан бастап – 18 жасқа дейінгі аралықтағы барлық балаларға қызықты болатын 150-ден астам экспозициялық аймақтар бар. Одан бөлек балалар ғылымымен айналыса алатын “science hub”, яғни балалар ғылыммен айналыса алатын ғылыми орталық та бар.
Форум – жас ұрпақты ғылымға жетелейтін, оқушылар мен академиктер арасындағы ғылыми сабақтастықты нығайтатын маңызды алаң. Шара барысында ғылым саласына үлес қосқан ғалымдар марапатталды. Сондай-ақ үздік ғылыми жобалар мен оқушылардың еңбектері арнайы марапаттарға ие болды.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #ЖИ және цифрландыру #робототехникаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz