RU
Толық нұсқаға өту

Қызылордада үздік оқушылар марапатталды

01.06.2026, 21:20 34

Балаларды қорғау күніне орай Қызылорда облысының әкімі аймақтың дарынды оқушыларымен кездесті.

Өткен оқу жылында 172 қызылордалық оқушы республикалық және халықаралық ғылыми байқаулар мен олимпиадаларда жүлдегер атанды. Оның ішінде 29 шәкірт халықаралық білім бәйгелерінде үздік нәтиже көрсеткен. Шара барысында аймақ басшысы жеңімпаз оқушылар мен олардың ұстаздарын марапаттады.

Кездесуде облыс әкімі жас дарындарды қолдау шаралары жалғаса беретінін атап өтті. Өңірде оқушыларды іріктеп, олардың дайындығына жағдай жасайтын арнайы жобалар жұмыс істеп тұр. Білім бәйгелерінде жеңімпаз болған оқушылар қатарының артуы осы шаралардың жемісі,-дейді мамандар. 

Асқарбек Есжанов, облыстық Білім басқармасының басшысы:

- Соңғы 3 жыл қатарынан Қызылорда облысының олимпиадалық командасы үздік үштіктің ішінде келеді. Биылғы жылы «Үздік олимпиадалық команда 2026» номинациясымен тағы да марапатталды. «Сыр дарыны» облыс бойынша жобасы жұмыс жасайды. Ондағы негізгі мақсат - осы олимпиадаларға, ұлттық бірыңғай тестілеуге талантты оқушыларды, шәкірттерді қалыптастыру және дайындау.

Иманғали Марат тарих пәнінен өткен республикалық олимпиадада жеңімпаз атанды. Оқушы бұл нәтижеге жету үшін ұзақ уақыт дайындалғанын айтады. «Сыр дарыны» жобасы аясында ұйымдастырылған курстар оның білімін шыңдауға ықпал еткен.

Иманғали Марат, оқушы:

- Дайындық курстарының арқасында біз жоғары деңгейге көтерілдік және де өзіміздің кем-кетік тұстарымызды түзеп, осы жерде өзіміз секілді олимпиада қатысушысы, яғни резервтік олимпиадалық оқушылармен бірге бір толқында дайындалдық. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жастардың қолында дейді ғой, осы жастар болашақта биік белестерге жетеді деген үміттемін.

Өңір түлектері соңғы екі жыл бойы Ұлттық Біріңғай тестілеу көрсеткіші бойынша да республикада алдыңғы қатарда келеді. Биыл да өңірде жоғары балл жинаған оқушылар аз емес. Мамандардың айтуынша, бұл - білім саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz