Люксембургтің ірі жүк әуе тасымалдаушысы Cargolux Airlines өз рейстерін Қазақстан арқылы қайта ұшыра бастады. Бүгін алғашқы жүк ұшағы Астана халықаралық әуежайы арқылы транзиттік рейс орындады.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатыр. Рейстердің ашылуы Үкіметтің, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының және отандық авиация саласы өкілдерінің бірлескен жұмысының жемісі.
Бұл - Boeing 747 ұшағы. 130 тонна тауар тасымалдауға қауқарлы. Бірнеше жылдық үзілістен кейін Cargolux әуе компаниясының жүк лайнері бүгін бас қалаға келіп қонды. Еуропалық тасымалдаушы Қазақстан нарығына қайта оралып, елорда арқылы өз рейстерін орындауға кірісті.
Ильдар Шамсутдинов, «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС бас директоры:
- «ҚазМұнайГаз-Аэро» бұл компаниямен ұзақ уақыт бойы келіссөздер жүргізіп келді. Белгілі бір шарттар бойынша ортақ мәмілеге келе алмай жүрген едік. Өткен жылдың желтоқсан айының соңынан бастап жұмысымызды күшейттік, нәтижесінде Cargolux Қазақстанға қайта оралу туралы шешім қабылдады.
Алып ұшаққа Астана әуежайының мамандары қызмет көрсетіп, 100 тоннаға жуық жанар-жағармай құйылды. Отынды жеткізуші – «ҚазМұнайГаз-Аэро». компаниясы. Айталық, Орталық Азиядағы ең арзан авиациялық жанармай бізде. Бұл да жаңа бағыттарды іске қосуға себеп болып отыр.
Сәрсенбек Күшкінов, Н. Назарбаев атындағы Халықаралық әуежайдың атқарушы директоры:
- Біздердің жоспар бойынша күніне екі рейс болады. Аптасына 14 рейс. Бастапқыда жанармаймен қамтамасыз етеміз де, әрі қарай біздің жұмысымыз Cargolux Airlines компаниясының Оңтүстік-Шығыс Азиядан алып келетін жүктерді әрі қарай Астана хаб карго терминалымызды дамыту үшін жүк тасымалдау жұмыстарын жалғастырамыз.
Бұл бастамасы ғана. Алда алпауыт авия компаниялар Астанаға ағыла бастайды. «ҚазМұнайГаз-Аэро» қызметкерлері басқа да халықаралық тасымалдаушыларды тарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Меже орындалса, транзиттік әлеуетіміз артып, логистика ісі ілгерлейді.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Санжар Біргебаев, Дәулет Кибраев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #әуе рейстері #экономика #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz