RU
Толық нұсқаға өту
Фото: polisia.kz

Қарағандыда Face ID технологиясымен жабдықталған ақылды өткел іске қосылды 

02.06.2026, 11:58 52

Қарағанды қаласында жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа технологиялық жоба іске қосылды, деп хабарлайды «24KZ». 

Қарағанды облысы полиция департаментінің хабарлауынша, Орталық саябақтың кіреберісінде «Ақылды жаяу жүргіншілер өткелі» атты инновациялық аппараттық-бағдарламалық кешен пайдалануға берілді. 

Жолдың екі жағына орнатылған заманауи жүйе жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді. Кешен бағдаршамның тыйым салатын қызыл сигналына өту сияқты құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. Сонымен қатар Face ID технологиясының көмегімен ішкі істер органдарының есебінде тұрған тұлғаларды анықтайды. 

«Ақылды өткел» жүйесі құқық бұзушылық анықталған сәтте тәртіп бұзушының деректерін автоматты түрде өңдеп, ақпаратты полиция қызметкерлеріне жібереді. 

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бағдаршамның тыйым салатын сигналына жолды кесіп өткені үшін азаматтарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қазіргі уақытта кешен пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Іске қосу және техникалық баптау жұмыстары толық аяқталғаннан кейін жүйе толыққанды пайдалануға беріледі. 

Полиция мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында жаяу жүргіншілердің қатысуымен 54 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 5 адам қаза тауып, 50 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. 

Мамандардың айтуынша, мұндай оқиғалардың едәуір бөлігі жаяу жүргіншілердің жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі немесе бағдаршамның қызыл сигналына қарамастан жолға шығуы салдарынан орын алады. Биылдың өзінде осындай он мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелген. 

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz