RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде екінші «Сингапур» пайда болады

02.06.2026, 19:03 36

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барды. 

Президент Алатау қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізіп, өңірдегі бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысанды аралады. Аймақта қанддай оң өзгерістер бар? Алматы облысының экономикалық-әлеуметтік көрсеткіші қандай? 

Құралай Жұмахан, тілші:

- Елімізде екінші «Сингапур» пайда болады. Іргетасы қаланған «Алатау сити»

цифрлы әрі экологиялық таза қала болмақ. Бүгінде мегаполистің бас жоспары да бекітіліп, арнайы экономикалық аймақ құрылды. Сондай-ақ әлеуметтік нысандар салынып, инженерлік жүйе кіргізіліп жатыр. Болашақта ақылды қалада Күн сәулесі мен жел қуаты арқылы энергия көзі алынатын болады. 2029 жылы Алатау ситиден жүргізушісіз такси қатынай бастайды. Сонымен қатар дроньдар арқылы жеткізу қызметі іске асады.

Болашақта бұл қалада IT-сәулетшілер, блокчейн-инженерлер, жасыл энергетика мамандары, дрондарды басқару жүйесінің операторлары және халықаралық ағылшын құқығын меңгерген заңгерлер сұранысқа ие болмақ. Қаланы дамыту үшін өткен айда Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңға қол қойды. Енді мегаполис ерекше мәртебеге ие болады. 

Юрий Цхай, «Caspian Group» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:

- Бұл – бірегей Конституциялық заң. Бұл уақытқа дейін көбіне бюрократия кедергі келтірді. Құжат реттелсе, құрылыс тез-ақ жүреді. 

Алатау қаласының ауданы 88 мың гектарды құрайды. Бүгінде 53 инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды. Мәселен, PepsiCo компаниясы Орталық Азиядағы картоп өңдейтін ең ірі зауыт салып жатыр. Mars Petcare компаниясы үй жануарларына арналған азық өндіретін заманауи жобаны қолға алды. Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қала болмақ. Мұнда Smart City технологияларын енгізуден бастап, тауарлар мен қызметтердің ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі инновациялық шешімдер жүзеге асырылады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы Алатау қаласына қатысты кез келген мәселені жедел шешу үшін барлық қажетті жағдай жасалып жатыр. Қазірдің өзінде қаланың сапалы дамуына жол ашатын құқықтық негіз толық қалыптасты деп айтуға болады. Соның аясында салық жеңілдіктері ұсынылды, бақылау және реттеу тетіктері де бизнес жүргізу үшін оңтайлы бола түсті. Бұдан бөлек, осы қалада жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтары жан-жақты қорғалады, сондай-ақ цифрлық активтерді дамыту үшін қолайлы жағдай жасалады. Сондықтан бүгінде Алатауды ресми түрде бірегей құқықтық мәртебесі бар «қарқынды дамитын қала» деп атауға болады

Өндірісті өлкенің өркені

Мемлекет басшысы «Алатау ситидің» Алматы қаласының іргесінде орын тебуі де оңтүстік астана үшін бірегей мүмкіндік екенін еске салды. Бұл ретте Алматы агломерациясын дамытуды қолға алған жөн. Бүгінде Алматы облысы тек туристік аймақ емес, өндірісті өлкеге айналып келеді. 2022 жылдан бері «Шин-Лайн» балмұздақ зауыты, балық өнеркәсібі кешені, пластикалық бұйымдар өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу іске қосылған. Бүгінде өлкеде 1654 өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 6,7 трлн теңгені құрап, экономикалық өсім 5,4%-ға жетті. Тауар өндіру үлесі 38,2%-ға ұлғайса, қызмет көрсету саласы 51,8% пайызға артты.

Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:

- Инвестициямыз 2-де 2 есе өсті. Биыл одан да ұлғайтамыз деген жоспар қойып отырмыз. Осы 4 жылда 120-дан аса кәсіпорын ашылды, 120-сы – ең ірілері. Былтыр 1 трлн 300 млрд теңгеден инвестициямыз асты. Биыл 100-ге жуық кәсіпорын қосуға көздеп отырмыз. 4 жылда жергілікті бюджетіміз 2 жарым есе ұлғайды. 300 млрд-тан 700-ге дейін. 

Өңір басшысының айтуынша, Алматы облысында құны 22 млрд теңгеден асатын жаңа экопарктер бой көтереді. Сондай-ақ Көлсай көлдерінде аспалы жол салынып,  туристердің еркін жүріп-тұруына жағдай жасалмақ. Ал облыстағы қара шатқалға шыныдан аспалы жол төселеді. Мемлекет басшысы да облыстың даму қарқыны жаман емес екенін тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алайда бір олқылыққа назар аударғым келеді. Қонаев қаласындағы инфрақұрылым құрылысы өте баяу жүргізіліп жатыр. «Баяғы жартас – сол жартас», қаланың келбеті – өзгеріссіз күйде. Бұл қалада шұғыл түрде театр, стадион, әкімшілік ғимараттары мен мектептер салу керек. Онсыз Алматы облысы өз аяғына тұрып кете алмайды. Облыс басшылығы осы өзекті мәселелерге баса назар аударуы қажет.

Жиын соңында Мемлекет басшысы өңірдің дамуына үлес қосып келе жатқан бір топ азаматқа «Құрмет» ордені мен Ерен еңбегі үшін медальін табыстады.

Авторлары: Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz