RU
Толық нұсқаға өту

«Бәйтерек» холдингі қытайлық кәсіпкерлермен кездесті

02.06.2026, 19:40 45

Бүгін «Бәйтерек» холдингі Қытайдың іскерлік делегациясымен кездесу өткізді. 

Жиын Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лидің елге сапары аясында ұйымдастырылып отыр. Онда инвестициялық ынтымақтастық, бірлескен жобаларды дамыту және экономиканың басым салаларын қаржыландыру бойынша серіктестік мәселелері талқыланды.            

Залда Қытай Халық Республикасынан келген 70-тен астам бизнес өкілі отыр. Олардың арасында банкирлер мен инвесторлар және ірі компаниялардың басшылары бар. Сондай-ақ Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Ли де төбе көрсетті. Ол Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Яғни біздің елде ірі жобаларды жүзеге асыру үшін қаржы бөлуге мүдделі. Бұл ретте «Бәйтерек» холдингі маңызды рөл атқарады.     

Рустам Қарагойшин, «Бәйтерек» ҰИХ» АҚ Басқарма төрағасы:

- «Бәйтерек» холдингі мықты қаржылық әлеуетке ие. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, оның жиынтық активтері шамамен 40 миллиард АҚШ долларына жетті. Былтыр ел экономикасына 21 млрд доллардан астам қаржы салды. Жүзден астам ірі жобаны қаржыландырды. Одан бөлек, мыңдаған шағын және орта бизнес субъектісі мен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау білдірді. 

Жиында «Отбасы банк» акцияларын биржаға шығару мүмкіндігі мен агроөнеркәсіптік секторға инвестор тарту мәселесі қаралды. Осы мақсатта холдинг шамамен құны 1 млрд долларға жететін инвестициялық қор құруды жоспарлап отыр. Ол ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын дамытуға және экспортқа бағытталған жобаларды қолдауға арналған.       

Джон Ли, Гонконг әкімшілігінің басшысы:

- Қазақстан тарапы Гонкогпен қаржы секторы, сауда, инновациялар, авиация және инвестициялық қорлар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдірді. Сапар аясында сауда, инвестициялар, қаржылық қызметтер, технологиялар, білім беру, авиация және жасыл қаржыландыру салаларын қамтитын 43 меморондум мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр.    

Былтыр Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымы 178,8 млн долларға жеткен. Гонконг 2005 жылдан бері ел экономикасына 4 млрд доллар көлемінде инвестиция құйған. Тараптар сөз соңында бұл көрсеткіштерді арттырып, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты.   

Авторлары: Мерей Қанапия, Санжар Біргебаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz