Елде бала асырап алғысы келетін жандардың қатары артқан. Демек «Жетім көрсең, жебей жүр» деген қазақтың ізгі ұстанымы өз мәнін жоғалтпаған.
Дегенмен мамандар күрделі әрі ұзақ рәсімдер бұл үдерістің қарқынын тежеп отырғанын айтады. Бала асырап алу процесінде құжат рәсімдерімен қатар болашақ ата-аналардың психологиялық дайындығы да маңызды.
Енді бала асырап алуға ниетті азаматтар «Қабылдаушы ата-аналар мектебінде» оқып, арнайы сертификат алуы тиіс. Бұл ат үсті қарай салатын мәселе емес. Мұнда баланың тағдыры тұр. Сондықтан мамандар осы оқуға аса мән беріп отыр. 14 сабақтан тұратын курста асырап алушы жандар балалардың психологиясы, бейімделу кезеңі және отбасындағы қарым-қатынас ерекшеліктерін оқиды.
Ал жалпы елде қазір 20 798 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Олардың 17 110-нан астамы, яғни 82 пайызы қазақстандық отбасылардың тәрбиесіне берілген. Дегенмен 4 мыңға жуық бала әлі де балалар үйі мен интернатта тәрбиеленіп жатыр. Мұнда көбіне жасөспірім, денсаулығында ерекшелігі бар және бір туған бауырлар қалады. Себебі заң бойынша ағайындыларды бір-бірінен ажыратуға болмайды. Мамандардың айтуынша, үміткер ата-аналардың басым бөлігі үш жасқа дейінгі, дені сау және жалғыз баланы асырап алуға ниетті. Салдарынан ересек бала мен бауырларымен бірге өсіп жатқан жеткіншектер көбіне балалар үйлерінде ұзақ уақыт қалып қояды. Ал жалпы бала асырап алам деген жандарға әуелі қойылатын қарапайым шарттар бар. Бұны арнайы мамандардың өз аузынан естісек.
Фарида Рахметова, Ұлттық бала асырап алу агенттігінің басшысы:
- Талаптарға сай ҚР азаматы, жас ерекшелігінде шектеу жоқ. Сонымен қатар үйі болуы тиіс немесе жалдамалы пәтері болса да келісім-шарт құжатын беру арқылы жағдайын көрсете алады. Сонымен қатар айлық табысы болу, соттылығы болмауы керек. Денсаулығында ешқандай кінәрат болмауы тиіс. Осы талаптарға сай болатын болса, үміткер асырап алушы ретінде тіркелуге болады.
Лаура Ақатаева, психолог:
- Бұл талап барлық үміткерге бірдей қолданылады. Мұндай дайындық баланы кейін қайтару жағдайларын азайту үшін енгізілген. Себебі баланы отбасына қабылдау тек құжат рәсімдеу емес, оның эмоциялық жарақатын түсініп, жаңа ортаға бейімдеуге дайын болуы маңызды.
Биыл бала асырап алуға қатысты қағидаларға өзгерістер енгізілді. Бұл талап әуелі бала мүддесін қорғауды көздейді. Себебі екінші мәрте жетімнің күйін кешкен балалар бар. «Асырап алғаннан кейін қайтадан балалар үйіне тапсыратын азаматтар кездеседі», - дейді мамандар. Мұндай жағдай көбіне ата-аналардың психологиялық тұрғыда толық дайын болмағанынан туындайды. Мамандар: «Балаға жаңа отбасыға өткеннен кейін де қолдау жүйесі үзілмеу керек», - деп отыр. Тіпті психологиялық көмек пен әлеуметтік сүйемелдеу қызметтерін заңдастыру қажеттігін айтады.
Фарида Рахметова, Ұлттық бала асырап алу агенттігінің басшысы:
- Балалар мекемеге қайтып келіп жатады. Неге? Себеі бұл отбасыларды сүйемелдеу жоқ. Яғни біздің агенттікте біз өзіміз оларды оқытып, дайындаймыз, толық мамандардың сүйемелдеуіне аламыз. Ал мемлекетте бұл сүйемелдеу заңдастырылмаған. Яғни отбасы өзімен өзі қалады, соның салдарынан бала қайтып келіп жатады. Қазір бір үлкен бір жұмыс сүйцемелдеуді заңдастыру қажет.
Ал жаңа талаптарға сәйкес бұрын істі болған немесе соттылығы бар адамдар, ата-ана құқығынан айырылғандар, бұрын бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамаған азаматтар бала асырап ала алмайды. Сонымен қатар денсаулық жағдайына байланысты ата-ана міндетін атқара алмайтын, тұрақты тұрғылықты жері жоқ азаматтарға да шектеу бар. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек бала асырап алуға ниетті жандардың отбасындағы барлық адам осы талаптар бойынша тексеруден өтуге міндетті.
Гүлжайнат Төлегенова, ҚР ОАМ Балалар құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
- Бұл өзгерістер баланың құқығын қорғауды күшейтіп, олардың тұрақты отбасылық ортада тәрбиеленуіне ықпал етеді. Сондай-ақ бала асырап алуға қатысты бірнеше талаптар күшейтілді. Бұл баланы асырап алу кезінде үміткерлердің соттылығының болмауы, жалақысының болуы сонымен қатар наркологиялық, психиатриялық тіркеуде тұрмауына байланысты талаптар күшейтілді. Бала асырап алуға қатысты отбасылардың бірге тұратын мүшелері де тексерілетін болады.
Бала асырау немесе қамқоршылыққа алу процесі бүгінде толық цифрландырылған. Өтініш eGov.kz порталы арқылы беріледі. Құжаттар тапсырылғаннан кейін қорғаншылық органдары оларды екі жұмыс күні ішінде қарайды. Егер ескерту болмаса, үш жұмыс күні ішінде арнайы комиссия үміткердің үйіне барып, тұрмыстық жағдайын тексереді. Тек осыдан кейін ғана он күнтізбелік күн ішінде өтініш иесіне жетім балалардың республикалық деректер банкіне кіруге рұқсат беру не бермеу туралы шешім қабылданады. Рұқсат берілген жағдайда үміткер балалардың сауалнамаларымен танысып, өзіне сәйкес келетін баланы таңдай алады.
Фарида Рахметова, Ұлттық бала асырап алу агенттігінің басшысы:
- Осы рәсімнен өткеннен кейін баланы отбасына қабылдап-қабылдамайтыны жайлы өздері шешім қабылдайды немесе қамқорлығына, не потранаттық тәрбиеге алуы мүмкін. Қазақстан бойынша балалар үйінде 4 мыңға жуық бала бар. Баланы қабылдауға ниетті үміткерлердің саны одан 5 есе көп десем болады. Көбісі 3 жасқа дейінгі сәбиді қабылдағысы келеді.
Бала жаңа отбасына берілгеннен кейін де мемлекет бақылауды тоқтатпайды. Баланы асырап алған ата-ана ол 18 жасқа толғанша есеп беруге міндетті. Ал қорғаншылық және қамқоршылық органдары балалардың және оларды тәрбиелеп отырған отбасылардың тұрмыс жағдайын тұрақты түрде тексеріп отырады. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту үшін 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Құжат аясында балалардың құқығын қорғауға бағытталған жаңа тетіктер қарастырылып отыр.
Авторы: Айнұр Қуатқызы
Тегтер #бала асырау #арнайы курс #құжат #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz