RU
Толық нұсқаға өту

Ақтауда балалар теңізшілердің қызметімен танысты

02.06.2026, 22:00 39

Оқушылар су айлағындағы түрлі кемелерді тамашалап, жауынгерлік кезекшілікте тұрған офицерлер және матростармен емін-еркін тілдесті. 

Ұшқыр катермен ашық теңізге шығып, экипаждың бір күндік өміріне етене араласты. Әскери айлаққа қайтып оралған соң сурет салудан ел байқауының өңірлік жеңімпаздарын марапаттау рәсімін тамашалады. 

Еліміздің әскери теңіз флоты Ақтауда шоғырланған. Зәкірде тұрған әртекті кемелердің жеке құрамы 30-дан астам әскери қызметшінің жанұясын сап түзеп, салтанатты түрде қарсы алды. Теңізшілер сақтық ережелерін түсіндірген соң, балаларды жауынгерлік су көлігіне шақырды.

Балалар әскери кеменің басқару, навигациялық бағдарлау және машина бөлімін көріп, борттағы калибрі әртүрлі қару-жарақпен танысты. Әрқайсы командирдің орнына кезек-кезек жайғасып, өзін нағыз теңізші ретінде сезінді. Өскелең ұрпаққа ұмытылмас әсер сыйлаған танымдық шараға ата-аналар да дән риза.

Айғаным Ықсанова, қала тұрғыны:

- Әскери кемеден көргеніміз үлкен әсер берді. Болашақта балаларымыздың арасынан әскери теңізші болады деген үміттеміз. Осындай керемет әсерлі «Ашық күн» ұйымдастырғаны үшін Әскери теңіз күштерінің ұжымына көп-көп рақмет! 

Ермекбай Оспанов, «Маңғыстау» зымыранды артиллериялық кеменің командирі:

- Балалар – біздің болашағымыз. Олардың өмірлік таңдауларына осындай шаралардың берері мол. Оларға әскери теңіз мамандықтарын түсіндірдік, қызықтырған сұрақтарға қызықты етіп жауап қайтардық. Балалардың шын ықыласпен қуанғанын көрудің өзі біз үшін үлкен бақыт. 

Танымдық шара соңында «Менің әкем – батыр» атты республикалық сурет салу сайысында жүлдегер атанған бір топ оқушы марапатталды. Дәстүрлі байқауда топ жарған жеткіншектерге әскери-теңіз база басшылығы диплом және естелік сыйлық табыстады. Балалар тәтті тағам-сусыннан дәм татып, өнерпаз теңізшілер әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалады. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz