RU
Толық нұсқаға өту

Мойынқұмның 60 жылдығында еңбек ерлеріне тағзым жасалды

02.06.2026, 20:56 32

Жамбыл облысында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдығы мен Мойынқұм ауданының 60 жылдық мерейтойы тойланды. 

Айтулы шараға еліміздің әр өңірінен келген қонақтар, еңбек ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты. Мерейтой аясында еңбек адамының мәртебесі дәріптеліп, мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Мойынқұм ауданының 60 жылдығына арналған мерекелік шара ауданнан шыққан еңбек ерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Тұрғындар өңірдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың рухына тағзым етті. Негізгі іс-шара Мойынқұм ауылы маңында арнайы құрылған этноауылда ұйымдастырылды. Мұнда киіз үйлер тігіліп, ауданның тарихынан хабар беретін көрме көпшілік назарына ұсынылды.

Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:

- 60 жылдық тарихында аудан талай асуды бағындырды. Ел азаматтарының қажырлы еңбегі – бүгінгі жетістіктің алтын діңгегі. Осы уақыт аралығында мал шаруашылығы дамып ауыл еңсесі көтерілді. Кәсіпкерлік өркен жайды. Мәдениет пен руханият саласы жаңа белеске көтерілді.

Бүгінде Мойынқұм ауданындағы 24 елді мекен толықтай таза ауызсумен қамтылған. Жыл басынан бері өндіріс орындары 64,5 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өңірдегі үздік көрсеткіштердің біріне қол жеткізді. Сонымен қатар ауданда алдағы уақытта 7 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. 

Отарбаев Мәлік, ҚР Президентінің кеңесшісі:

- Жазылбек Қуанышбаевтың өнегелі өмірі әрбір саналы азаматқа үлгі. Ол сөзбен емес, іспен танылды. Қой баққан қарапайым шопан бола жүріп, тұтас елдің мақтанышына айналды. Парасат биігінен көрінді. Бүгінгі ұрпақ еңбекке мән беріп, еңбек адамын бағалауы тиіс.

Мерекелік бағдарлама ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстарға ұласты. Шара соңы эстрада әртістері мен жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz