RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысында жаңа жылқы тұқымын шығару жұмыстары басталды

02.06.2026, 23:35 40

Атырау облысында қазақтың қолтума жүйрік жылқыларын сұрыптап, жаңа тұқым қалыптастыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бастады. 

Қызылқоға ауданындағы селекционер-атбегі Қайырбек Баймұратов соңғы алты жыл бойы асыл тұқымды шетелдік арғымақтарды қазақ жылқыларымен будандастырып, айрықша жүйріктерді өсірумен айналысып келеді. Еңбектің нәтижесі де байқала бастады. 2023-2025 жылдары Қызылқоғада өсірілген қолтума жүйріктер түрлі бәйгелерге қатысып, жүлделі орындардан көріне бастаған. Ұзақ жылдарға созылған селекциялық жұмыстың арқасында шағын ауылда отандық жүйрік жылқылардың саны артып келеді. 

Мамыр айында өткен аудандық тай жарысында шабандоз Бақдәулет осы торы тайымен топ жарған болатын. Араб-ағылшын тұқымының қаны араласқан қолтума алғашқы жарыстың өзінде 4 шақырымдық бәйгеден дара келді. Бақдәулет бүгінде барлық бос уақытын сәйгүлігінің жанында өткізеді. Оны күтіп-баптауды әкесінен үйреніп жүр.

Бақдәулет Алшынбекұлы, шабандоз:

- Атқа өзім қызығамын, мінгім келеді. Көлік ұтқым келеді. Өзім қазір 7 жастамын. Тайларға шауып жүрмін, енді аламанға шапқым келеді. 

Бақдәулеттің атқұмар болуына әкесі Алшынбектің әсері мықты. Ол бұған дейін талай тұлпардың бағын ашқан атбегі. Жүйрік аттың бабын табу оңай емес. Шетелдік сәйгүліктердің басты ерекшелігі күтімді қажет етеді. «Сондай-ақ жергілікті климат пен жер жағдайына бейіімдеуге де уақыт керек дейді», - атбегі Алшынбек Нұрғалиев.

Алшынбек Нұрғалиев, атбегі:

- Ерекше бапты қажет етеді. Бірінші тазалық керек. Кейбір аттар болады тез өтіп кетеді адаптациядан. Ал кейбірі бір жылға дейін жүреді бейімделумен. Жалпы үйренеді жақсы күтіммен қараса.

Қайырбек Баймұратовтың қолында биыл 6 бие құлындап тұр. Болашақ тұлпарларға қазір енесімен бірге арнайы күтім жасалады. Соңғы жылдары қазақ аттарына сұраныс артып келеді. Биылдың өзінде қызылқоғалық қолтума тұқымдарға Қырғыз елінен сұраныс түсіпті. Айыр қалпақты ағайындар қазақы жүйріктердің алыс қашықтыққа талмай шабатын қарымына қызығады екен.

Қайырбек Баймұратов, селекциялық орталық жетекшісі:

- Шетелдіктер Қазақстанға ат сатып жатқан кезде бәрі таңғалып: «Бізде 3200 метрге ғана шабатын сәйгүліктерді сіздер алып кетіп, 30, 40, 50 шақырымдық қашықтыққа шаптырасыздар. Бұл қалай?“ — деп сұрайды екен. Әрине, мұндағы басты мақсат — жылдамдығы жоғары әрі алыс қашықтыққа шыдамды, нағыз бәйге аттарын шығару.

Баймұратовтың бұл шағын атқорасын сұрыптау орталығы десек, артық айтқандық емес. Мұнда ағылшын, араб текті жылқылардан тұқым алынады. Әр құлынның тегі, мүмкіндігі құжатталған. Онсыз шетелдік бәйгелерден байрақ күту қиын. Бүгінде Алматы қаласында қолтума бәйге аттарының палатасы құрылып, отандық жылқыларға арнайы паспорт беріле бастады. Енді осы құлыншақтардан айтулы тұлпар шығару үшін мемлекет қолдауы керек.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz