RU
Толық нұсқаға өту

Астанада «Жасыл ел» еңбек жасағы жұмысын бастады

03.06.2026, 08:00 31

Елордалық «Жасыл ел» еңбек жасағы жиырма екінші маусымын бастады. Биыл жоба аясында 5200 жас жұмысқа шығады. Бұл орайда  балалардың еңбекке құлшынысы барын айтқан жөн.

Заңнамаға сәйкес, 14 жастан асқан оқушылар ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен еңбек етуге құқылы. Сөйтіп биыл да өрендер жазғы демалыста, маңдай терімен ақадал табыс тауып жүр. Жасақ мүшелері ағаш суғарады, гүлзарларды күтеді, өзге де аумақтарды абаттандырады.

«Жасыл ел» қатарындағы жастар бос уақытын пайдалы іске арнап жүр. Елордадағы №112 жалпы орта білім беретін мектептің 12 өрені де осы сапта. Саналы шәкірттер жазғы демалысын текке сарп етпей, оқу ордасының аумағындағы көшеттерді суарып, топырағын қопсытып, аумақты абаттандырумен айналысып жүр.

Жасақ мүшелерінің жобадан күтері көп.

Дамир Сабыржанов, «Жасыл ел» жасағының мүшесі:

- Тәжірибе жинау үшін, жұмыс табу үшін, ақша табу үшін. Тапқан табысымнан өзіме, жақын адамыма сыйлық алып бергім келеді. Одан кейін кітап алатын шығармын. 

Амина Әділхан, «Жасыл ел» жасағының мүшесі:

- Мен екінші рет қатысып жатырмын. Алғаш рет 8 сыныпта қатысқанмын. Мақсатым - көп жасөспірім қазір экологияға бей-жай қарайды ғой. Сол себепті мен өзімнен бастаймын деп шештім. Бір жағынан табыс көзі деп санаймын. Ағаш суарамыз, гүл суарамыз, керек емес шөптерді жұлып тастаймыз. 

Дина Құрманғазықызы, «Жасыл ел» жасағының мүшесі:

- Жазғы демалысымды босқа өткізбей, экологияға пайдамды тигізу арқылы осы бағдарламаға келдім. Ақшамды жинап, оқуыма қажетті құрал жабдықтарды алуға, ата-анамды қуантуға тырысамын және бұл еңбек жолындағы алғашқы қадамдарым десем болады.

Жасөспірімдер жасыл желекке жан бітіріп қана қоймай, еңбекке жауапкершілікпен қарап, елжандылықтың үлгісін көрсетіп келеді. Жасыл елдің жас сарбаздары еңбек заңнамасына сай күніне 4 сағаттан аптасына 5 күн жұмыс істейді. Биыл олардың еңбекақысы ең төменгі жалақыға теңестіріліп, 85 мың теңгеге жетті.

Қайырлы Жұмаханов, «№ 112 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ директоры:

- «Тәрбие тал бесіктен» дейді қазақта. Сондықтан осы жұмысты өз қолдарымен жасап, тал егіп, гүл суғару деген сияқты жұмыстарды жасау ол оқушыларға үлкен өмірлік азық болады деп айтуға болады. Себебі еңбек арқылы, өз қолымен жасау арқылы ғана оқушылар өздеріне керек дағдыларды қалыптастырады. Әрине, теория көп. Бірақ практикалық жұмыстар, тәжірибелік жұмыстар, қолмен жасау бұл өте маңызды.

Жастардың жобаға қызығушылығы жоғары. Мамандардың айтуынша, бір орынға 6-7 үміткер келеді. Мамыр айының қорытындысы бойынша Астанада 1700-ге жуық азамат жұмыспен қамтылған.

Ерлан Айдар, Астана қаласы әкімдігінің «Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ Бөлім басшысының міндетін атқарушы:

- Бұл әлеуметтік жоба. Бірінші кезекте біз толық емес отбасы, аз қамтылған отбасы, әлеуметтік көмек алатын отбасыларды, қамқоршысынан айырылған отбасылардың балаларын бірінші кезекте жұмысқа аламыз. Жұмыстардың бәрі бізде Таза Қазақстан, Заң мен тәртіп идеологияларын ілгерілету аясында жүргізіліп жатыр.

Бүгін көгалға күтім жасаған жасөспірімдер ертең ел келешегіне қызмет етеді. Еңбекпен шыңдалған жастардың белесі де биік, бағдары да айқын.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Ырыстанбек Оспанов 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz