RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда көлік жүргізуге қойылатын талаптар қатаңдатылады

03.06.2026, 19:48 31

Қазақстанда көлік жүргізуге қойылатын талаптар қатаңдатылады.

Депутаттар денсаулығында кінәраты бар адамдардың көлік басқаруына шектеу қоюды ұсынып отыр. Адам толық емделмейінше, рульге отырмауы тиіс дейді. 

Денсаулық жағдайына байланысты көлік жүргізуге қарсы көрсетілімі бар азаматтардың рөлге отыруы енді қиындай түспек. Депутаттардың айтуынша, көлік жүргізу жоғары зейін, жедел реакция және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан мұндай адамдар өз өмірін де, жолаушы қауіпсіздігін де қатерге тікпеуі керек.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:

«Қазір бұл құқықты тоқтату рәсімі ұзақ уақыт алады. Сот процестері арқылы жүзеге асады. Бірақ дәрігерлік комиссия нақты диагноз қойған сәттен бастап адам көлік айдауды тоқтатуы керек. Өйткені көлік жүргізуге кедергі келтіретін аурулар ұстамаға, есінен тануға және басқа да қауіпті жағдайларға әкелуі мүмкін. Мұндайда адам ең алдымен өз өміріне қауіп төндіреді».

Мұндай оқиғалар жиі болып тұрады. Мысалы, былтыр жүргізушідегі жасырын эпилепсия салдарынан екі жол-көлік оқиғасы болып, нәтижесінде алты адам қаза тапты. Бұл қоғамда кең резонанс тудырған жағдайлар ғана. Сондықтан депутаттар жүргізушілердің денсаулығын бақылауды күшейтуді талап етіп жатыр. Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, мәселе жан-жақты әрі мұқият қарауды қажет етеді. Осыған байланысты медициналық мәліметтер ІІМ базаларымен біріктіріледі. Бұл көлік жүргізуге шектеуді жедел енгізіп, жалған медициналық анықтамаларды қолданушыларға тоқтау салады.

Әсел Қыдыралиева, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары:

«Бүгінде Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасындағы интеграцияға дейін үлкен жұмыс қолмен атқарылды. №853 бұйрыққа сәйкес қарсы көрсетілімі бар шамамен 370 мың пациент анықталды. Оның 273 мыңы жүргізуші куәлігін алмаған. Ал шамамен 96 мың адамның жүргізуші куәлігі бар».

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қарсы көрсетілімдер абсолютті және салыстырмалы болып бөлінеді. Абсолютті жағдайда адам еңбек өтіліне немесе мәртебесіне қарамастан жүргізуші куәлігін ала алмайды. Өйткені денсаулық жағдайы көлік басқаруға мүлде мүмкіндік бермейді. Ал салыстырмалы қарсы көрсетілім кезінде шешімді дәрігерлік-консультациялық комиссия қабылдайды. Мамандар әр пациенттің жағдайын жеке бағалап, оның көлік жүргізу мүмкіндігін анықтайды.

Серік Селеубайұлы, тілші:

«ІІМ базасына көлік жүргізуге қарсы көрсетілімі бар 11 мыңға жуық адамның деректері жіберілген. Олардың жартысына жуығының жүргізуші куәлігінің күші уақытша тоқтатылған. Алдымен жүргізушіге ресми ескерту жіберіліп, көлік жүргізуден өз еркімен бас тарту ұсынылады. Егер бұл талап орындалмаса, шектеу сот арқылы енгізіледі».

Автосарапшылар жаңа шараларды қолдап отыр. Олар әсіресе жолаушы және жүк тасымалымен айналысатын жүргізушілерге ерекше назар аудару қажет екенін айтады.

Алексей Алексеев, автосарапшы:

«Біздің елде кез келген медициналық анықтаманы таныс дәрігер арқылы сатып алуға болатыны құпия емес. Мысалы, көру қабілеті нашарлаған адам табысынан айырылмау үшін жұмыс мерзімін барынша ұзартуға тырысады. Бұл өте қауіпті. Сондықтан ең алдымен тұрақты тасымалмен айналысатын жүргізушілерге жүк көліктері, қалааралық автобустар, қалалық автобустар мен троллейбус жүргізушілеріне ерекше көңіл бөлу қажет. Олардың денсаулығы жақсы болып, ұшқыштар секілді тұрақты медициналық тексеруден өтіп тұруы маңызды».

Жаңа өзгерістерге сәйкес, жүргізушілердің денсаулық жағдайын тексеру автоматтандырылады. Барлық процесс Денсаулық сақтау министрлігі мен ІІМ базалары арасындағы электронды дерек алмасу арқылы жүзеге асады. Сонымен қатар депутаттар автомектептерге бақылауды күшейтуді ұсынып отыр. Олардың қызметіне рұқсат беру тәртібі енгізіледі. Бұл өзгерістердің барлығы тиісті заң жобасына енгізілген.

Серік Селеубайұлы, Алишер Ашимов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz