Бурабай ауданының орталығында «Ұмай ана» экосаябағы ашылды.
Аумағы 15 мың шаршы метр болатын нысан, енді тек жасыл желекке оранған аймақ емес, тұрғындар үшін жайлы демалыс кеңістігіне айналмақ. Экосаябақтың салтанатты ашылуында, өңір басшысы бурабайлық әлеуметтік аз қамтылған сегіз отбасыға пәтер кілтін табыстады. Сондай-ақ спорт саласының саңлақтары да түрлі марапатқа ие болды.
Курортты өлкедегі экосаябақ бірнеше аумақтан тұрады. Жаяу жүргіншілер аллеясы, балалар мен спорт алаңдары бар. Демалыс аймағы толығымен абаттандырылып, мыңға жуық көшет егілген. Жергілікті халық жаңа саябақтың ашылуын асыға күткендерін жасырмайды.
Рауза Әпенова, Щучинск қаласының тұрғыны:
- Міне біздің болашақ жеткіншектерімізге осындай кереметтей экопарк салып бергендеріне, мысалы, біз сияқты зейнеткерлерге бос уақымызда келіп демалуға керемет, тамаша. Біз өте ризамыз. Қазақстанымыздың болашағы жарқын болсын. Балапандарымыз аман болсын.
Қазір Бурабайда 200-ден астам демалыс орыны бар. Жыл санап олардың саны көбейіп келеді. Биыл да заманауи талаптарға сай бес бірдей қонақ үй салынып жатыр. Бұдан бөлек, әлеуметтік нысандар да бой көтермек.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Бір үлкен жобаны көрсеттік, ол конгресс холл жобасы. Президенттің тапсырмасы бар. Біраз іс-шараларды, 200-дей іс-шараны Астана қаласынан осы Бурабайға шығару. Ол ертеңгі жиындар, симпозиумдар, конгресттер соның бәрін соған біздің инфрақұрылымымыз дайын болу керек. Келетін қонақтарды орналастыратын қонақ үйіміз болу керек. Асханалар мен мәдени орталықтарымыз болу керек. Ол да осы Бурабай өлкесінің дамуына өз оң ықпалын тигізіп жатыр.
Қазір аймақта жазғы демалыс маусымы басталды. Биыл мамандар шамамен 2 миллионға тарта турист келеді деп болжап отыр. Әсіресе Бурабай мен Зерендіге сұраныс жоғары. Тек өткен жылдың өзінде Бурабайға бір жарым миллион адам саяхаттап келген.
Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #Бурабай #ұмай #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz