RU
Толық нұсқаға өту

Рәміздер - елдік пен бірліктің белгісі

04.06.2026, 17:10 41

Бүгін Атырауда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні аталып өтті.

Мерекелік шараның басты мақсаты – қастерлі нышандарымыздың мәртебесін ұлықтау, жастар арасында отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу, ұлттық бірегейлік пен елдік рухты нығайту. Салтанатты рәсім арнайы қарауылдың Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және Мемлекеттік Әнұранының ресми нышандарын алаң ортасына алып шығуымен басталды.

Қазақстанның батыс қақпасы саналатын Атырау облысы мемлекеттік рәсімдер күнін үлкен ұйымшылдықпен атап өтті. Өңірдегі этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар мен қалың жұртшылық қатысқан салтанатты шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, Мемлекеттік Ту көтерілді. Жиналған жұртшылықты өңір басшысы Серік Шәпкенов құттықтады.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- Біздің баршамызды біріктіретін, рухымызды көтеретін, Отанымызға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді оятатын ол біздің нышандарымыз - Рәміздеріміз. Біз өз Отанымызды сүю, Отанымызды қорғау, Отанымызды құрметтеу үшін осы рәміздерімізге құрмет көрсетуден бастауымыз керек.

Тәуелсіз еліміздің басты нышаны саналатын - рәміздер күнін Атырау жұртшылығы нағыз халықтық мереке ретінде атап өтті. Жас ұрпақ санасына отансүйгіштік сезімін оятатын айтулы мерекенің маңызын тарихшылар былайша таратады.

Жәмиға Таңатарова, тарихшы-ғалым:

- Қазақстан туы бүкіл дүниежүзіндегі ең әдемі тулардың бірі болып есепетеледі. Себебі оның елге, дүниеге алып келе жатқан мән-маңызы - Көк аспан, Ашық аспан. Бейбітшілікті бейнелейді. Ал ондағы қыранның белгісі халықтың еркіндікке деген, бостандыққа деген талабын түсіндіреді. Ал ондағы 32 күннің шапағы біздің көне түркі жұртымызда ең қасиетті деген сан екен - 32 саны.

Елдік пен бірліктің символына айналған Ту, Елтаңба және Әнұран әрбір азаматтың жүрегінде Отанға деген мақтаныш сезімін оятып, еліміздің абыройын асқақтата беретіні даусыз.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллдин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz