Астана туристер үшін тартымды қалаға айналды. Аймақтағы ағайын ғана емес, алыстан ат арытып келетін шетелдік азаматтар қатары да көбейген.
Былтыр бас қалаға бас-аяғы 1 млн 600 мың турист табан тірепті. Бұл жылдағы көрсеткіштен 7 пайызға көп.
Бас қала жылдан жылға туристер үшін тартымды бола түскен. Былтыр Астанаға ат басын бұрғандардың 75 пайызын отандастарымыз құрады. Ал алыс-жақын елдерден саяхаттап келетіндер қатары 380 мыңнан асқан. Әсіресе Ресей, Қытай, Түркия, Германия және АҚШ азаматтары елордаға жиі қызығушылық танытады.
Айдын Қапашев, ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары:
- 2025 жылы өткен ауқымды жобалардың бірі «Comic Con Astana» фестивалі болды. Бес күн ішінде 70 мыңнан астам турист келді. Оның ішінде 36 елден келген 10 мың шетелдік қонақ бар. Сондай-ақ Дженнифер Лопестің концерті өткенін білесіздер. Оған 30 мыңнан астам көрермен жиылды. Ал Backstreet Boys тобының концертін 27 мың адам тамашалады. Тізе берсек, былтыр бас қалада ұйымдастырылған ірі жобалар жетерлік. Мәселен, PGL Astana киберспорт турнирін айтып өтсек болады. Оған офлайн форматта 20 мың, ал онлайн көрсетілімді 90 мыңнан астам көрермен тамашалады.
Астана биыл да ауқымды һәм маңызды іс-шаралардың ордасына айналады. Түрлі форматтағы мыңнан аса жоба ұйымдастырылып, соның арқасында саяхаттшылар легін тағы 10 пайызға ұлғайту көзделіп отыр. Мамандардың пайымынша, туристер нөпірінің артуына визасыз режимнің септігі зор. Бұған қоса, мемлекеттер арасында тікелей әуе рейстерінің көптеп ашылуы да саланың дамуына тың серпін берді.
Рашида Шайкенова, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры:
- Үндістан және Қытай азаматтары үшін визасыз кіру тәртібінің енгізілуі маңызды қадам болды. Қазіргі таңда Қытай нарығы ерекше белсенділік танытып отыр. Туристік байланыстарды енді ғана дамыта бастаған кезеңде бізге негізінен бюджеті шектеулі азаматар келетін. Ал бүгінде Қазақстанға іскерлік мақсатпен келетіндердің қатары едәуір артты. Олар өздерінің жоспарларын, жобаларын, ұсыныстарын алып келеді. Сонымен қатар еліміздің экономикасына және кәсіпкерлік саласына қызығушылық танытады.
Болжам бойынша бір турист Астанада орташа есеппен 100 мың теңгесін жұмсайды екен. Бұл қаражатқа жатын орын, ас-ауқат, жүріп тұру шығыны мен кәде сыйлықтар құны кіреді. Былтыр мегаполистегі орналастыру қызметтері 74 миллиард теңгеден астам пайда тапқан. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция - 438 миллиард теңге.
Авторлары: Сәния Көпжасарова, Назерке Тоқжан
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Астана #туристерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz