RU
Толық нұсқаға өту

Салымшылардың депозиттегі қаражаты 28 трлн теңгеге жетті

04.06.2026, 20:20 36

Отандастарымыздың депозиттегі қаражаты 28 трлн теңгеге жетті. Бұл деректі Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры жариялады. 

Мекеменің мәліметінше, теңгедегі салымдар көлемі бір тоқсанда 200 млрд теңгеге көбейген. Ал бір жыл ішінде өсім 22,3 пайыз болды. Бұл шамамен 4 триллион теңге. Демек халықтың қаржылық сауаты арта бастады деген сөз бе? Әлде мемлекеттің ұстанған саясаты оң нәтиже беріп жатыр ма? 

Қор өкілдері қазақстандықтардың теңгелік салымдарға деген қызығушылығы артуына депозиттердің жоғары кірістілігі, инфляцияның баяулауы және теңге бағамының нығаюы себеп екенін алға тартады. Яғни қазір теңгелік депозиттер тек ақшаны инфляциядан қорғау құралы ғана емес. Ол табыс көзіне айналып отыр. Себебі қазір Ұлттық банк бекіткен базалық мөлшерлеме жоғары. сәйкесінше, банктер тағайындаған сыйақы да қомақты. Мәселен, қазір  бір айдан алты айға дейінгі қысқа мерзімді депозиттер бойынша максималды мөлшерлемелер жылдық 20 пайызға жетеді. Мерзімсіз салымдар бойынша орташа мөлшерлеме шамамен 15 пайыз. Сондықтан көпшілік тиынын теңге етіп алуға ұмтылып жатыр. Сондай-ақ депозиттерінің долларлану деңгейі 20,9 пайызға дейін төмендеді. Он жыл бұрын валюталық салымдар үлесі шамамен 80 пайызға жететін. Демек халықтың төл теңгемізге деген сенімі арта бастаған.

Бауыржан Шорманов, экономист:

- Мұндай сенімнің негізінде жоғары базалық мөлшерлеме тұр. Банктер теңгелік депозиттер бойынша тиімді шарттар ұсынып отырғандықтан, салымшылар осы құралдарға басымдық береді. Егер мөлшерлеме төмендесе, қаражаттың бір бөлігі нарықтың басқа сегменттеріне ауысуы мүмкін. Яғни бүгінгі сенімнің басты тірегі - қолданыстағы базалық мөлшерлеме.

Сонымен қатар бұған қаржы нарығын реттеуші органдардың саясаты да әсер етіп отыр дейді сарапшылар. Себебі, былтыр депозиттерге белгіленетін шекті мөлшерлемелерді алып тастады. Яғни, банктер салымшыларға  тиімді шарттар ұсынып, еш шектеусіз нарықтан қаражат тарта алады.

Андрей Чеботарев, қаржыгер:

- Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірнеше жылдан бері кредиттер бойынша шекті мөлшерлемелерді кезең-кезеңімен төмендету саясатын жүргізіп келеді. Бұл ретте депозиттерге қатысты ұстаным мүлде өзгеше екенін атап өткен жөн. Реттеуші шекті мөлшерлемелерден бас тартып, банктерге салымдар бойынша сыйақы көлемін нарықтық жағдайға сәйкес дербес белгілеуге мүмкіндік берді. Бұл депозит нарығында бәсеке тудыра бастады.

Сонымен қатар Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры азаматтарды депозит таңдау кезінде мұқият болуға шақырды. Мекеме мәліметінше, банктер жоғары мөлшерлемелі салымдар жарнамасында жағымсыз деректерді жасырып қалуы мүмкін. Сондай-ақ кейбір шарттар түсіндіріле бермейді. Экономистер де салымды таңдарда екі қарап, бір шоқу керегін ескертті.

Бауыржан Шорманов, экономист:

- Депозит рәсімдеген кезде ең алдымен ұсынылған жоғары сыйақы мөлшерлемесінің қандай мерзімге белгіленгеніне назар аудару қажет. Көпшілік шарттардың жекелеген талаптарын мұқият зерделемей, салымды кез келген уақытта жабуға болады деп ойлайды. Алайда жоғары табысты кей депозиттерде қосымша қаражат салуға немесе ақшаны мерзімінен бұрын алуға шектеу қойылады. Мысалы, салым үш не алты айға ашылса, көрсетілген мерзім толық аяқталғанға дейін қаражат шотта сақталуы тиіс. Егер клиент ақшасын ертерек қайтарып алса, қосымша сыйақы есептелмейді. Мұндай жағдайда ол тек құйған қаражатын ғана алады. Сондықтан келісім талаптарын алдын ала мұқият оқып шыққан жөн.

Қазір Қазақстанда депозиттің бірнеше түрі бар. Олар –  мерзімді, мерзімсіз және жинақ салымдары. Олардың шарттары да әртүрлі. Мысалы, мерзімді депозиттер бойынша ақшаны ерте алған жағдайда мөлшерлеме әдетте нөлге дейін төмендейді, ал банк ақшаны жеті күн ішінде қайтаруы мүмкін. Жинақ салымдары бойынша шарттар бұдан да қатаң. Ақшаны ішінара алуға болмайды.  ал мерзімінен бұрын жапқан жағдайда сыйақы 0,1 пайыздан аспауы тиіс. Сонымен қатар ақшаның қайтарылуын кемінде 30 күн күтуге тура келеді. Қор мәліметінше, қазіргі уақытта халық арасында мерзімсіз салымдар ең танымал болып қала береді. Олардың көлемі барлық салымдардың үштен біріне жуық. Теңгедегі мерзімді салымдар да жылдам өсіп жатыр. Бір жыл ішінде олардың көлемі 10 есеге жуық артты.

Депозит түрлері

мерзімді,

жинақ,

мерзімсіз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz