RU
Толық нұсқаға өту

Қостанайда патриоттар форумы өтті

04.06.2026, 21:40 31

Қостанайда да Мемлекеттік рәміздер күніне арналған облыстық патриоттар форумы өтті. 

«Адал азамат: елге қызмет, рәмізге құрмет» деген атау берілген алқалы жиында «Патриот-2026» байқауының жеңімпаздары марапатталды. 138 үміткердің ішінен іріктелген үздіктерге арнайы сыйлық пен диплом табыс етілді. Патриоттар форумында сөз алған облыс әкімі Құмар Ақсақалов елдегі игі өзгерістерді өңірдің даму қарқынынан байқауға болатынын атап өтті. Соңғы екі жылда экономикалық өсім 8 проценттен төмен болған жоқ. Машина жасау саласының өзінде облыста 5 жаңа өндіріс орны ашылды. 7 ірі тауарлы сүт фермасы іске қосылды. Биыл тағы бесеуге толығады.  

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан стратегиялық маңызы бар «Орталық – Батыс» автожол дәлізінің құрылысы басталып кетті. Облыстың оңтүстік өңірлерін дамыту мақсатында Арқалық қаласында әуежайдың құрылысы аяқталуға жақын.

Бұл жетістіктер ортақ мақсат, бір мүдде жолындағы азаматтық жауапкершіліктің, бірлескен еңбектің жемісі. Бір айын бұрын облыс бойынша «Патриот-2026» байқауы жарияланды. Бүгін соның қорытындысы шығарылды.

Әсел Құлмағамбет, Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Онлайн түрінде, әлеуметтік желілер арқылы, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осы байқауды жариялаған болатынбыз. 138 ұсыныс келіп түсті. Арнайы комиссия құрылып, сол 138 адамның ішінен 10 адамды жеңімпаз деп танып, патриот деп танып, бүгін марапаттайтын боламыз.

Жеңімпаздардың қатарында Жанкелдин аудандық полиция бөлімінің бастығы Айбат Әбдір де бар. Ол заң мен тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, Торғай өңірінде ұлттық ат спорт ойындарын дамытуға белсенді атсалысып жүр.

Айбат Әбдір, «Патриот-2026» байқауының жеңімпазы:    

- Өте қуаныштымын. Елге, жерге жасап жатқан қызметімнің, еңбегімнің бағаланғаны деп ойлаймын. Елдің жүгін арқалауға әрқашан дайынмын.

Патриоттар форумы жұмысына «Халық Қаһарманы» Бауыржан Момышұлының келіні, этнограф-жазушы Зейнеп Ахметова, белгілі боксшы Василий Левиттің анасы Татьяна Левит құрметті қонақ ретінде  қатысты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz