Ақтөбені су басты. Өңірде жаңбыр екінші апта бойы толассыз жауып тұр. Салдарынан көшелер мен жаяу жүргінші жолдары көлге айналған.
Коммуналдық қызмет өкілдері күндіз-түні су сорғылап әлек. Ақтөбенің аспанын бұлт торуылдап, нөсерлеткелі екінші аптаға аяқ басты. Синоптиктер соңғы үш күнде жаңбырдың екі айлық мөлшері жауды дейді. Шаһардағы суағарлар толып, көшелерді су басты.
Толассыз жауған жаңбыр әсіресе жаяу жүргіншілерді әбден әуреге салды. Көшеге шыққан тұрғындар шалшық су кешуге мәжбүр. Мәселен, облыс орталығының орталық көшелерінің біріндегі қазіргі жағдай осы. Жаяу жүргінші жолағынан резеңке етік киіп немесе жалаң аяқ өткеннан басқа амал жоқ.
Айжан Қартанова, қала тұрғыны:
- Бұрын-соңды болған жоқ. Екінші аптаға созылып бара жатыр. Қиын болып кетті. Барлық жер су болып жатыр. Қала деген су. Міне, аяқ-киіммен айдадым.
Ақтөбе ахуал орталығына соңғы тәулікте тұрғындардан 1500-ге жуық қоңырау түскен. Коммуналдық қызмет мамандары күндіз-түні су сорғылау жұмыстарын атқарып жатыр.
Талғат Наурызов, Қалалық ТКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы:
- Қазіргі таңда екі ауысыммен 110 ассенизатор машинасы жұмыс жасайды. Және де 5 сорғы станциясы қосылды. Сонымен қатар су төгетін 30 орын бекітілді. Және де 130 мың куб су шығарылды.
Синоптик мамандар Ақтөбе облысы аумағында әлі 5 тәулік бойы жаңбыр жауады деп болжап отыр. Одан соң күн райы күрт қызып, ауа температурасы 30 градустан асуы ықтимал.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Ақтөбе #жаңбыр #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz