Астана қаласының жеңіл рельсті көлік жүйесіне жаңа атау беру мәселесі қалалық ономастика комиссиясының отырысында қаралды, деп хабарлайды «24KZ».
Астана қаласы әкімдігіне тұрғындардан, қоғамдық ұйымдардан және Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалынан елорданың LRT жүйесіне ресми атау беру жөнінде бірқатар ұсыныс түскен. Бұл туралы Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабек мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі таңда LRT қаланың негізгі қоғамдық көлік жүйелерінің біріне айналуда. Сондықтан жобаны тек техникалық атаумен шектемей, есте сақтауға жеңіл, қала келбеті мен мәдениетіне сай дербес атау беру ұсынылған.
Халықаралық тәжірибеде ірі көлік жүйелеріне қала мәдениеті мен болмысын бейнелейтін атаулар беру жиі кездеседі. Мысалы, Ванкувердегі SkyTrain, Рио-де-Жанейродағы SuperVia, Ресейдегі «Сапсан» сияқты жүйелерді айтуға болады, – деді ол.
Аталған атаулар көлік жүйесінің техникалық сипаттамасынан бөлек, қаланың брендіне айналатыны атап өтілді. Осыған байланысты 2026 жылғы 3 маусымда өткен ономастика комиссиясының отырысында бірнеше нұсқа қаралды. Олардың қатарында «Сұңқар», «Лашын», «Құлан», «Аспан», «Тарлан» және басқа да атаулар ұсынылған.
Комиссия мүшелері талқылау қорытындысы бойынша LRT жүйесіне «Тарлан Астана» атауын беру туралы ұсынысты қолдады. Түсіндіруінше, «Тарлан» ұғымы қазақтың тарихи-мәдени мұрасымен байланысты, еркіндік, жылдамдық, күш-қуат және тектілік сияқты ұғымдарды білдіреді.
Астана қалалық мәслихаты да бұл ұсынысты қолдап, енді шешім республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберілмек.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #LRT #Астана LRT #АстанаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz