RU
Толық нұсқаға өту

Болашақта тіс дәрігерлері азаюы мүмкін

05.06.2026, 20:47 42

Себебі дәстүрлі стоматологияға сандық технология ене бастады. Жасанды интеллектіні қолдану арқылы сала мамандарының жұмысы жеңілдеді.

Бұл туралы Алматыда «Ортопедиялық стоматологияның жаңа трендтері» атты халықаралық конференцияда айтылды. Жиынға 10-нан аса елден білікті мамандар қатысты. 30-дан аса ғылыми баяндама жасалды. Жиын ауқымды тәжірибе алмасу алаңына айналды.

Қазақстанда тіс емдеуде жаңа технология қолданылады. Мәселен, бұған дейін тіс техниктері ауыз қуысының қалпын гипс немесе эластикалық материал арқылы алатын. Бұл әдіс науқастың жүрегін айнытып, жағымсыз әсер қалдырады. Кей жағдайда аллергиялық әсер береді. Сондықтан мамандар заманауи тәсілге көшті. Бүгінде тіс пен жақтың қалыбын алу тіпті жеңілдеді. Қазір арнайы оптикалық аппараттар қолданылады. Бұл қателікке жол бермейді.

Мейрамкүл Шаяхметова, университет профессоры:

- Біз қалыпты сол оптикалық аппараттармен түсіріп аламыз. Ол бірден CAD/CAM технологиясына беріледі. Сол жерде өңделіп, тістердің түгел пішінін, қалпын келтіріп шығарады. Яғни біз бұрын гипсты мүсіндер құятын болсақ, қазір бізде цифрлық мүсіндер. Сапа жағынан өте жоғары, өте сенімді.

Конференцияда америкалық сарапшылар елдегі тіс емдеу әдістеріне жоғары баға берді. Олардың айтуынша, жасанды интеллектіні емдеу барысына қолдану қажет. Себебі рентген суреттерін қатесіз талдайды. Сондай-ақ науқастың жағдайына қарай тиімді емдеу жоспарын құрады.

Али Саид, стоматология мектебінің профессоры:

 - Қазақстанда жасанды интеллект сияқты маңызды көмекші құралдарды қолдануды күшейту қажет. АҚШ бұл салада алдыда. Көбісі «Жасанды интеллект тіс дәрігерін алмастыра алады ма?» деген сұрақ қойып жатады. Жоқ, алмастыра алмайды. Ол жай дәрігерлерге емдеу кезінде көмектеседі.

Жасанды зерде саласындағы жаңалықтар медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтереді. Сала мамандарының пікірі осындай. Қазір болашақ тіс дәрігерлеріне жаңа технологияның мүмкіндігі университет қабырғасынан оқытылады. 

Авторлары: Ернұр Рысбай, Әбен Нарымбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz