RU
Толық нұсқаға өту

Еңбекпен гүлденген ауыл

06.06.2026, 10:45 43

Қарағанды облысы Шахтерское  ауылының тұрғындары «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 250 түп қарағай екті.

Бірлігі жарасқан ауыл халқы көгалдандыру және абаттандыру жұмысына белсенді қатысады. Бүгінде бұл елді мекен елдегі үлгілі ауылдардың алдыңғы қатарында. Диқаншылар тұратын шалғайдағы елдімекен, тұрғындарының қажырлы еңбегінің арқасында танымастай өзгерген.

Қарағай көшеттері ауыл шетіндегі  1,5 шақырым жолдың бойына егілді. Жергілікті шаруашылық бұл мақсатқа демеуші ретінде 13 миллион теңге бөлген. Ағаш егу рәсіміне ауылдың үлкен-кішісі түгел қатысты. Қазір маңайын қоршап, автономды суару жүйесін орнатып жатыр.

Гүлзат Смағұлова, Шахтерское ауылының әкімі:

- Бұл қарағайларды отырғызу себебіміз қыста қар ұстау үшін, ауылдың шеткі көшелерін жаппау үшін жұмыс жасалды. Биыл осы бағдарлама аясында ауылдың ішкі жолдарын жөндеу және жарықтандыру тіректерін орнату бойынша жұмыстар атқарамыз.

Биыл ауыл ішіндегі 2 шақырым жолға асфальт төселіп, 100-ден аса жол белгісі орнатылады. Бейсенбі және сенбі күндері тазалық жұмысын жүргізу ежелден қалыптасқан. Халық ерікті түрде шығып  ағаштарды түптеп, әктеп, көшені қоқыстан тазартады. Артық өскен шөпті шауып, гүлзарларды ретке келтіреді.

Қайыртай Рахымбеков, ауыл тұрғыны:

- Шахтер деген ауылымыз өздеріңіз көргендей, өркендеп, әдемі болып өсіп жатыр. Кейбір ғимараттар қалада да жоқ шығар. Әрине, біз өз ауылымызды жақсы көреміз. Жастардың көбісі тракторда, комбайнда, жаңа техникада жұмыс істейді.

Ауыл негізінен диқаншылықпен айналысады. Тұрғындардың көбі осындағы элиталық тұқым өндіретін шаруашылықта жұмыс істейді. Бүгінде 40 мың гектарға жуық жерге дәнді және майлы дақыл егілген. Алынған өнімімен елдегі шаруашылықтарды қамтамассыз етіп, артығын шетелге экспорттап отыр. Жыл сайын түскен пайда есебінен ауылға жаңа нысан салуға , абаттандыруға көңіл бөлінеді. Қазір мұнда заманауи бассейн, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория, спорт кешені өзге де жаңа нысандар жұмыс істеп тұр.

Рахат Кәкен, ауыл тұрғыны:

- Жалпы маған ауыл өте қатты ұнайды. Біздің ауылымызда бассейн бар, ФОК, хоккей корты, спорт үшін балаларға барлық жағдай жасалған. Спортта командалар бар, үнемі жарыстарға қатысып, орын алып отырамыз.  

Қарағанды облысы бойынша 349 ауыл бар. Былтыр шалғай елді мекендерде 66 медициналық, 95 спорт нысаны пайдалануға берілді. Бұған қоса 60-тан астам ауылға су тартылды. Жол инфрақұрылымын жақсартуға да баса көңіл бөлінеді. Нәтижесінде  тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарып, жаңа жұмыс орындары ашылды.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz