Жетісу облысында ұлттық нақыштағы бұйымдарға сұраныс артып келеді.
Арулар алтынмен апталып, күміспен күптелген әшекейлерге құмартса, ер адамдардың этно-стильдегі қайыстан жасалған заттарға қызығушылығы жоғары, дейді қолөнер шеберлері.
Зәйіт Сәйділхан Текелі қаласындағы шағын ғана шеберханада білезік, сырға, сақина, шолпы сынды әшекейлердің түр-түрін жасайды. Әрбірін ұлттық ерекшелігіміз айшықталып тұратындай етіп, оюмен өрнектейді. Түрлі-түсті тастарды орнатып, тапсырыс берушінің есімін де жазып береді.
Зәйіт Сәйділхан, қолөнер шебері:
- Айына үш келі күміс өңдеймін. Біз бұрын жылына 40-50 білезік жасайтынбыз. Әзір жылына біз 100 қанша, осы сұраныс артып соған қарай жасаймыз. Мысалы, алқа моншақ та солай болады. Бұрын сұраныс аз ба? Әзір сұраныс жоғары.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген шебер бұл кәсіпті бала күнінде әкесінен үйренген. Ер жете келе өзі де тұрақты түрде айналыса бастапты. 50 жылдан аса уақыт ішінде ол ағаштан домбыра жасау, тері илеу, ұсталық сынды дәстүрлі өнердің бірнеше түрін меңгеріп алған.
Зәйіт Сәйділхан, қолөнер шебері:
- Білезік жасаймын, сырға жасаймын, жүзік, алқа, моншақ, бәкі-пышақ, ат әбзелдерін жасаймын, күміс ертұрман дейді. Сол сияқты әрнәрселерді жасаймын. Өмірдің мәнін осы өнерден таптым.
Нұржан Мейрамбеков, Текелі қаласының тұрғыны:
- Көптеген жастардың қызығушылығы артып келе жатыр. Желілерде өте көп жарнамаланып жатыр. Осыған дейін мен байқадым жастар кимейтін.
Ал Жаркент қаласында тұратын Айгүл Хаханқызы дәстүрлі өнерді заманауи дизаинмен ұштастырып жүр. Ол әшекей бұйымдарды ұлттық мерекеде ғана емес күнделікті өмірде тағатындай етіп жасайды.
Айгүл Хаханқызы, зергер:
- Этноәшекейлерді бастағаныма үш жыл болды. Ал ата-бабамызда бұндай зергерлік жоқ. Менің бұны жасаудағы ерекшелігім зерттеп барып жасап жатырмын. Табиғи тастардан, табиғи матадан жұмыс жасау деген сияқты. Сапа мен эстетикаға мән беремін.
Қолөнер шеберлері ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасау арқылы өз кәсібін дөңгелетіп әрі төл өнерімізді сақтап, дамытуға үлес қосып келеді.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов
Тегтер #Ұлттық #әшекей #сұраныс #Жетісу #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz