RU
Толық нұсқаға өту

Павлодарда жағажайлар талапқа сай емес

07.06.2026, 11:00 100

Павлодар облысындағы жағажайлар шомылу маусымына толық дайын емес. Құтқарушылар жүргізген тексеріс кезінде бірқатар олқылықтар анықталды.

Өңірде жалпы демалуға арналған 45 жағажай белгіленген. Оның 29-ы коммуналдық, қалғаны жекеменшік. Демалыс орындарын абаттандыруға биыл бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Павлодар өңірінде шомылу маусымының ресми басталуына әлі бір апта бар. Дегенмен күннің жылдағыдан ерте ысуына байланысты қазірдің өзінде көл жағалап жүрген тұрғындардың қатары көп. Алайда құтқарушылар көпшілікке абай болуды ескертеді. Себебі жағажайлар әлі толық дайын емес. Суға шомылу орындарын тексеру барысында көптеген кемшілік анықталды. Басым бөлігінде құтқару құралдары дайын емес. Тағы бір мәселе – суға түсуге тыйым салынған жерлерге шомылатындар азаймай тұр. Облыста 140-тан астам өзен мен бір мың екі жүзге жуық шағын көл бар. «Мұның бәрін бақылау оңай емес», - дейді мамандар.

Рүстембек Әмрин, облыстық ТЖД бастығы:

- Облыстың бірқатар өңірінде суға шомылу ережесін бұзушылар тиылмай тұр. Арнайы белгіленген орындары құтқару бекеттерімен, балаларға арналған аймақтармен қамтамасыз етілмеген. Кейбір жағажайларда медицина маманы мен қажетті дәрі-дәрмектер жоқ.

Өңір басшысы коммуналдық меншіктегі жағажайларды дереу ретке келтіруді тапсырды. Бір аптаның ішінде анықталған кемшіліктерді жойып, шомылу маусымы басталғанша қауіпсіздік шараларын ретке келтіру қажеттігін ескертті.

Асайын Байханов, облыс әкімі:

- Қай аудандарда жағажайлар талапқа сай ұйымдастырылмаған болса, сол жерлерде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, бейнебақылау орнатылып, қажетті әрі қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс. Сол жобаларға дайындалыңыздар.

Былтыр облыстың су айдындарында 14 адам қайтыс болды. Оның екеуі – бала. Ал биыл шомылу кезеңі басталмай жатып үш қайғылы жағдай тіркелді. Сондықтан құтқарушылар тек арнайы жабдықталған жағажайларға шомылып, суда жүзу ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Валентина Леонова, Марат Игликов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz