RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстандықтарға тән парольдерді хакерлер жақсы біледі

08.06.2026, 07:26 56

Туған күніңіз немесе байланыс номеріңіз бе?

Көпшілік жеке деректерін қорғау үшін әдетте осындай есте сақталатын оңай сандарды пароль ретінде қолданады. Мұны киберқылмыскерлер жақсы біледі. 

Жыл басынан бері 9 мыңнан астам қылмыстық іс дәл осы кибералаяқтарға қозғалған. 750-ге жуық адам жауапқа тартылды. Қылмыстың мұнша көбеюі әсіре сақтықты талап етеді. Ал бұлардан қалай қорғанамыз? Телефон иесі нені ескерген жөн?

Мерей Қанапия, тілші:

- Әлемде адамдар жиі қолданатын парольдердің ең танымал 20 түрі бар. Бір қызығы, технология күн санап, қарыштап дамыса да көпшіліктің қиялы әлі де сол 123456 мен QWERTY-ден аса алмай жүр. Кейде осыған қарап адамдардың акаунтын емес, өздерін қорғағың келеді.

Думан Смақов, FACTCHECK.KZ сайтының бас редакторы:

- Мысалы, қазақстандықтардың арасында әзіл бар ғой... қазақстандықтарға тән пароль бұл 123456ааа немесе ааа123456 деген. Егер көбі аталған парольді қоятынын білсек, хакерлерге де оны білу қиын емес.              

Мерей Қанапия, тілші:

- Мәселен, әлемде 1-ден 6-ға дейінгі сандарды пароль ретінде 21 млн 600 мыңнан астам адам қолданған. “Admin” сөзін 21 млн, 1-ден 8-ге дейінгі сандарды 8 млн 300 мыңға жуық парақша иесі құпия сөз ретінде енгізген. Осы орайда мамандар жеке деректерді қорғау үшін мынадай пароль қоюға кеңес береді. 

Думан Смақов, FACTCHECK.KZ сайтының бас редакторы:

- Киберқауіпсіздік мамандарының ұсынысы бойынша кемінде 12-16 символдан тұру керек. Мен әріп, сан деп тұрған жоқпын. Символ... Оның ішіне әріп те, сан да, тыныс белгілері де кіреді. Яғни парольда неғұрлым көп тыныс белгісі, сан, кіші әріп, бас әріп көп болса хакерлерге сіздің пароліңізді сындыратын кезде күрделілік тудыруы мүмкін. 

Бір парольді бірнеше аккаунтка қолдану да үлкен қауіп төндіреді. Егер бір сервис бұзылса, алаяқтар қалған парақшаларға да оңай қол жеткізуі мүмкін. Сондай-ақ мамандар қосымша қорғаныс ретінде қос факторлы аутентификацияны қосуға кеңес береді.

Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы:

- Егерде қоңырау шалу арқылы жасалған алаяқтық фактілері тіркелсе, міндетті түрде ресми қайнар көздерден тексеру керек. Құқық қорғау органдары мен банк қызметкерлері арнайы операцияларды уотсап желісі немесе қоңырау шалу арқылы арнайы операцияларды жүргізбейді.  

Алаяқтар өз құрбандарының жынысына да, жасына да қарамайды. Кез келген азамат сан соғып қалуы мүмкін. 

БЛИЦ   

Құпия сөз, иә, әлеуметтік желіде өте маңызды. Өзім бір парольді бірнеше аккаунтка қолданамын. Өзіме солай ыңғайлы.  

- Көбіне қиын қолдануға тырысамын. Түсініксіз сөздерді, символдармен немесе әріптердің комбинациясымен деген сияқты. Кеше де звондады. Басында түсініксіз болады. Қазір алаяқтардың өздері де үйреніп қалған. Код деген кезде алаяқтар екенін бірден түсінемін.    

- Мен даусынан бірден алаяқтарды білемін. Сөйлеспеймін. Сразу трубканы қоя саламын. 

Онлайн алаяқтар мен хакерлердің құрбанына айналмаудың ең тиімді жолы ақпараттық сауаттылықты арттыру. Бір сәттік сенім үлкен шығынға әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан виртуалды әлемде қырағылық таныту қазіргі заманның басты талабына  айналып отыр. 

Мерей Қанапия, Ғалымжан Абдулахат

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz