Ақмола облысында тұмса табиғатымен ерекшеленетін Сандықтау ауданында туризм дамымай тұр.
Өңірдегі туристік нысандар саны саусақпен санарлық. Өңірге саяхаттап келетін жұртқа орын жетпейді, дейді мамандар.
Осы себепті туристер қатары азамаймаса, көбейетін емес.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Сандықтау – табиғаты көркем өлке. Бірақ мұны көбі біле бермейді. Қазір өңірде осындай өзен-көлдермен қосқан кезде, он шақты су айдыны бар.
Сандықтау ауданы облыс орталығынан 100 шақырым жерде орналасқан. Демалушылар көп баратын Зерендінің дәл іргесінде. Бірақ мұнда туризм саласы кенжелеп қалған. Мәселен, былтыр бар жоғы екі мыңға тарта адам келген. Меңдібай Қопабаев отыз жылдан астам уақыт аудан орталығы Балкашино ауылында тұрады. Ол алдымен инфрақұрылымды жақсартып, насихаттау жұмыстарын күшейту керек дейді.
Меңдібай Қопабаев, Балкашино ауылының тұрғыны:
- Келген қонақтар жататын жері болса, демалатын жері болса көңіл аударып, көп адамдарды біздің жаққа тарту керек. Осындай табиғатымыз болғасын бізде көп ескерткіштер бар. Ол да туризмге жатады. Көрсететін бізде нелер бар. Тас мүсіндер бар. Табылып жатқан қорғандар бар. Солардың бәрі еске алынса Осы туризмді дамытуға біраз жоспарлап құрып, соның бәрі іске асады деп ойлаймын.
Ауданда туризмнің дамуына қолбайлау болып отырған тағы бір мәселе – мұнда саланы ілгерілетуге бағытталған бір де бір бағдарлама жоқ. Сәйкесінше бюджеттен де қаражат бөлінбейді. Бірақ бұл іске жауаптылар туристерді тарту бойынша жұмыстанып жатырмыз дейді.
Наталья Ким, Сандықтау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:
- Қазір біз туристерді тарту мақсатында аудандағы киелі жерлерге арнайы туристік бағыттар әзірледік. Жол көрсетіп, сол жердің тарихымен таныстыратын жастар да бар. Жыл басынан бері бізге 300-ге турист келді. Алдағы уақытта демалушылар қатары көбейеді деген сенімдемін.
Әзірге табиғаты көркем өңірде демалыс орнын ашуға ниетті инвестор табылмай отыр. Тіпті, жерглікті бизнес өкілдерінің өзі бұл салаға қаржы құюға құлықсыз. Сол себепті жауаптылар туристерді тарту үшін тұрғындардың көмегіне жүгінбек.
Андрей Подгурский, туризм басқармасының басшысы:
- Қазір Сандықтауда туристерге қонатын жер жоқтың қасы. Сондықтан демалушылар бір күнге ғана келіп кетеді. Біз осы тұрғыда жергілікті тұрғындарға иек артамыз. Мәселен, Алматы облысындағы Сәтті ауылының кей тұрғыны өз үйлерінің бір бөлмелерін жалға беріп, табыс тауып отыр. Осы тәжірибені Сандықтауға да енгізгіміз келеді.
Туристік маусым басталды. Былтыр өңірге бір миллион сегіз жүз мың адам саяхаттап келген. Биылғы жоспар бойынша екі миллион турист келмек.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный
Тегтер #Ақмола облысы #Сандықтау #туризм #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz