Биыл Қызылорда облысындағы су айдындарында 7 адам опат болды. Оның үшеуі – бала.
Бірер күн бұрын 6 жастағы қыз суға кетті. Денесі екі күннен кейін Сырдариядан табылды. Судағы төтенше жағдайдың жиілеуіне байланысты құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Қаланың Рисмаш мөлтек ауданында 6 жастағы қыз іс-түссіз кетті деген хабарлама түскен бойда іздеу жұмыстары басталған. Балақайды құтқарушылар, полицейлер, әскерилер, еріктілер мен жергілікті тұрғындар екі күн бойы іздеді. Өкінішке қарай, баланың денесі Сырдария өзенінен табылды.
Бекболат Әбдіқадыров, ТЖД бастығының орынбасары:
- Су іздестіру жұмыстарына 495 адам жұмылдырылып, 26 бірлік техника, 3 кинологиялық есеп, 2 қайық және 3 дрон жұмылдырылған болатын. Айтек су торабынан Тереңөзек ауылына дейін қайық жіберіліп, қыздың мәйіті табылды. Су бетінде ешқандай жарақат анықталмаған.
Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдай көбіне балық аулау және шомылу маусымы кезінде болады. Кейбір тұрғындар қауіпсіздік ережесіне бейжай қарайды. Ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы да тыйылар емес.
Жандос Досымов, ТЖД басқарма бастығы:
- Жыл басынан бері 400-ден астам рейдік жұмыстар өткізіліп, 13 мыңнан астам тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қабылданған шараларға қарамастан биыл судағы қауіпсіздік талаптарын бұзған 11 баланың ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік шара көрілді. Облыс көлемінде суға шомылуға арналған 9 ресми орын белгіленген. Сондықтан тұрғындарды тек арнайы белгіленген жағажайларға шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз.
Қазір өңірде суға түсуге қауіпті деген 63 аумақ бақылауға алынды. Бұл учаскелерге 400-ге жуық ескерту белгісі мен 100-ден астам ақпараттық билборд орнатылды. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардан тек арнайы жабдықталған жағажайларға баруды және сақтық шараларын қатаң сақтауды талап етеді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев
Тегтер #су #қауіпсіздік #Заң мен тәртіп #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz