Таразда тұрғындар үш жылдан бері құрылысы аяқталмай, қараусыз қалған көпқабатты тұрғын үйдің мәселесін көтерді.
Жұрттың айтуынша, құрылысы тоқтап қалған нысанның қоршауы бұзылып, ашық-шашық жатыр. Салдарынан балалар қауіпті нысанның ішіне кіріп, ойнап жүр. Тұрғындардың сөзінше, мұндай жағдайдың соңы қайғылы оқиғаға ұласуы мүмкін. Тіпті осы уақытқа дейін бірнеше жеткіншек жарақат алған.
Мерей Бает, тілші:
- Құрылысы жарты жолдан тоқтаған бұл нысан қазір қараусыз қалған. Тұрғындар бұл жерді қауіп алаңына айналды дейді. Себебі екі күннің бірінде балалар осында ойнауды шығарған.
15 шағын аудандағы бұл үйдің құрылысы 2020 жылы басталған. Сөйтіп, 3 жыл ішінде пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда құрылыс жұмыстары жарты жолдан тоқтап қалды. Қазір бала біткен қараусыз нысанның қабырларына өрмелеп, ойын алаңына айналдырып алған. Ойнаймын деп жарақат алған жасөспірімдер де бар. Қазір аяқсыз қалған ғимарат тұрғындардың бас ауруына айналып отыр.
Назым Қожабекова, қала тұрғыны:
- Бала-шаға әрдайым кіріп кете береді, қалай аңдысақ та. Бірі болмаса, бірі кіріп кетеді. Бала-шағаны далаға шығаруға қорқамыз, аңдып жүріп ойната алмаймыз. Енді осыны бітіріп, бір жақты қылмайды ма деп ойлаймын. Мүлдем жауып тастайды ма, қалай қылады?!
Дария Рыскелдиева, қала тұрғыны:
- Бәрібір балалар қызығады ғой, мынаған шығып секіреді, ойнайды. Талай баланың жоғары қарай шығып жүргендерін көрдік қой. Құлап қалса, кім жауап береді оған? Құрылысты не аяқтасын, не көзін жойсын. Бірдеңе істеу керек қой. Осылай тұра бере ме?
80 пәтерлі тұрғын үй құрылысына бастапқыда республикалық бюджеттен 730 миллион теңге бөлінген. Жұмысты қолға алған мердігер 311 миллион теңге алып жұмысын бастағанымен, кейін мерзімінен кешігіп аяқтай алмады. Сондықтан әкімдік компанияны сотқа берген. Өткен жылы жауаптылар құрылысты жалғастыру үшін нысанға қайта техникалық сараптама жүргізді. Қорытындыға сәйкес бұған дейін салынған ғимарат қаңқасы пайдалануға жарамды деп танылды. Сондықтан құрылыс жұмыстары биыл қайта жанданады.
Дамир Жаманбаев, қала әкімінің орынбасары:
- Құрылыс жұмыстарын шілде-тамыз айларында бастауды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда аталған тұрғын үй құрылысына арналған бастапқы қаражат ретінде өз қаражатымыздан шамамен 420 млн теңге қарастырылған. Сондықтан құрылысты бастай береміз. Қажетті қосымша қаржының қалған бөлігін биылғы жылдың соңында және келесі жылы бөлуді жоспарлап отырмыз. Жобаның жалпы құны шамамен 1 млрд 200 млн теңгені құрайды деп күтіледі.
Көпқабатты үйді аяқтауға тағы 500 миллион теңге қажет. «Бұған құрылыс заттарының қамбаттауы себеп», - дейді жауаптылар. Жалпы жаңа жоба аясында балалар алаңы салынып, баспана ауласы абаттандырылады. Ал пәтерлер үй кезегінде тұрған тұрғындарға ипотекамен берілмек.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә
Тегтер #Тараз #баспана #ипотека #құрылыс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz