RU
Толық нұсқаға өту

Судағы қауіпсіздік күшейтілді

09.06.2026, 07:50 75

Қауіп қайдан демеңіз?! Ақмола облысында шомылу маусымы басталмай жатып 2 бала суға кетті. Қайғылы оқиғаның бірі мамыр айында Атбасар ауданында болды.

Ал өткен аптада Қосшы қаласында жасөспірім көз жұмды. Су қателікті кешірмейді. Қазір өңірде су айдындарында қауіпсіздік күшейтілді. Бұл іске 100-ге жуық құтқарушы жұмылдырылды. Өңірде туристік маусым басталды. Бурабай мен Зерендіні айтпағанда, көрікті Көкшетауға  қонақтар ағылып келіп жатыр. Облыс орталығындағы суға түсетін жалғыз орын  - Қопа көлінің жағасы.  Қазір мұнда құтқарушылар  қауіпсіздікті күшейтіп, жағажайда үздіксіз кезекшілікте тұрады.   Олардың қатарында Мұса Қарбай да бар. Жақында ол суға батып жатқан бір адамды құтқарып қалған.

Мұса Қарбай, құтқарушы:

- Біз сол күні кезекшілікте болдық. Тексеріс барысында бір әйелдің суға батып бара жатқанын көрдім. Бірден суға секіріп,жағаға алып шықтым. Дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, аман алып қалдық. Қазір бір ыңғайлысы жағалаулардың бәріне бейнебақылау камералары орнатылған. Сол арқылы біз аумақты толық бақылап отырамыз.

Құтқарушылар қайықпен де шығып, айналаны барлап келеді.   Басты мақсат –  қауіпсіздік, - дейді мамандар. Себебі өзен көлдерде қарапайым ережені елемейтін, рұқсат етілмеген жерлерде суға түсетіндер көп. Тіпті ішімдік ішіп, өзгенің мазасын алып, өз өмірін қауіпке тігетіндер де азаймай тұр. Былтыр құтқарушылар сондай сегіз адамды судан алып шықты.

Ерсайын Қойшыбаев, ТЖД ресми өкілі:

- Қайғылы оқиғаның көбі тиым салынған жерлерде шомылғаннан тіркеледі. Содан кейін өз өзіне өте қатты сеніп, алысқа жүзіп кетеді де, жағаға қайта алмай қалады. Одан кейінгі орындарда балаларды жағалауда қараусыз қалдыру сияқты келеңсіздіктер тұр. Құтқару киімін кию керектігін көп жағдайда ескере бермейді.

Жыл басынан жауаптылар жағалауларда мыңға жуық рейд жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 150 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір өңірде шомылуға арналған 20-ға жуық арнайы орын бар.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz