RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында 1200-ден астам петроглиф табылды

09.06.2026, 08:30 49

Жамбыл облысында 1200-ден астам петроглиф пен көне түркі дәуіріне жататын руникалық жазулар табылды.

Археологтар құнды жәдігерлерді Бұрқансай шатқалынан анықтаған. Жартастағы суреттердің ең көнесі біздің заманымызға дейін III-мыңжылдықтың соңына тиесілі. Қазір тарихшылар табылған таңбаларды зерттеуді бастап кетті.

Жуалы ауданындағы Бұрқансай шатқалы - адамдардың ежелгі қонысы. Мұндағы таңбалар алғаш 2024 жылы анықталды. Ғалымдар осы күнге дейін 1200-ден астам петроглиф тіркеген. Бірақ жәдігерлер одан да көп болуы мүмкін дейді археологтар. Сол себепті ежелгі қоныстардың орнын нақты анықтау үшін кешенді зерттеу жұмыстарына кіріскен. 

Анатолий Шаяхметов, Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері:

- Бұл аумақта петроглифтердің бес тобы орналасқан. Олар өзен аңғары бойымен тізбектеле созылып жатыр. Жартастағы суреттер әртүрлі тарихи кезеңдерге жатады. Олардың арасында қола, ерте темір дәуірі, орта ғасырлар және кейінгі кезеңдердің мұралары да бар. Сонымен бірге Бұрқансай-1, Бұрқансай-2 және Бұрқансай-3 деп аталатын үш қорым анықталған. Олар ерте темір дәуірі мен орта ғасырларға тиесілі.

Шатқалдағы ең көне жазбалар шамамен 4 мың жыл бұрын салынған. Археологтардың айтуынша, сол кезеңнен бері бұл аумақта адамдар қоныстана бастаған. Олар тас пен темір құралдардың көмегімен тауешкі, нар бейнелері мен бұғы аулау көріністерін жартастарға қашап қалдырған. Петроглифтер сол дәуірлерде аңшылық пен мал шаруашылығының жақсы дамығанын көрсетеді. Ең ерекше табылған дүниелердің бірі – көне түркі руникалық жазуы. Ғалымдардың айтуынша, бұл жазу шамамен 1100 жыл бұрын тасқа қашалып жазылған.

Ералы Ақымбек, тарихшы-археолог:

- Мұнда «Менің ер атым – Аба» деп жазылған жазу тұр. Яғни ол ер кісінің есімімен тікелей баыланысты болып тұр. Салыстырмалы зерттеу нәтижелерін біз қарастырып жатырмыз. VIII бен X ғасыр аралығында мүмкін IX-X ғасырлар шығар деп. Бұл жерде жазу ғана емес, осы шатқалдың немесе сайдың бойында көптеген тасқа салынған жартас суреттерінде түркі кезеңінің суреттері де кездесіп жатыр.

Табылған петроглифтер мен руникалық жазулар толық зерттелгеннен кейін археологтар арнайы ғылыми монография әзірлемек. Сондай-ақ құнды тарихи мұраларды мемлекет қорғауына алу жөнінде ұсыныс енгізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz