RU
Толық нұсқаға өту

Нотариат қызметін қадағалау күшейеді

09.06.2026, 15:39 45

Нотариустардың қызметіне бақылау жүргізе отырып, артық тексерістен арылту.

Нотариат туралы жаңа заңды қабылдаудағы негізгі мақсат осы. Оның үстіне нормативтік құжат нотариустың онлайн қызметін қадағалауды реттейді. Бүгінде пилоттық режимде іске қосылған цифрлық платформада ұзын саны 800 мың қызмет көрсетіліпті. Көбі сенімхат пен келісімшартты куәландыру сияқты кеңінен таралған қызмет түрлері. Нотариус қызметіне мемлекеттік бақылауды күшейту не үшін қажет?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Нотариустың атқарушылық жазбасы – соттың араласуынсыз-ақ берешекті өндіруге рұқсат беретін құжат. Демек, қарызды өндірудің ең қарапайым тетігі. Алайда оны іске асыру үшін азаматтар микроқаржылық ұйым алдында борышы барын жазбаша түрде мойындап, нотариус арқылы растауға тиіс. Міне дәл осы талап көп жағдайда орындалмаған. Прокуратура жүргізген тексеріс нәтижесінде көптеген заң бұзушылық анықталыпты.  Мәселен, Павлодар облысында екі нотариус 20 мың атқарушылық жазба қолданған. Мәжіліс депутаттарының «Нотариат туралы» заңды қайта қарауға прокуратураның тексерісі түрткі болған.

Нұрсұлтан Байтілесов, ҚР Мәжіліс депутаты:

- Жазбаша келісім деген он бағыт бар осы атқарушылық жүргізуге нотариустарға рұқсат берілетін. Сол он бағыттың бірі жазбаша келісім. Сол жазбаша келісімнің ішінде мемлекеттік квази мемлекеттік сектордан ақша өндіру, заңсыз әрекеттері болған. Бір тексеріспен екі миллиардқа жуық теңге өндірілген ақшалар қазір қайтарылып жатыр. 

Бақыт Топтаева, тілші:

- Жалпы нотариаттық қызмет үш түрлі деңгейде қадағаланады. Бірі сот жүйесіндегі бақылау. Яғни Нотариат туралы заңның 25-бабына сәйкес, нотариус қандай да бір әрекетке барса немесе тиісті әрекет жасамаса, оның үстінен сотқа шағымдануға болады. Екінші жолы бар, онысы нотариалдық қауымдастықты қадағалайтын әділет органдарына жүгіну. Ал үшіншісі Нотариат палатасына арыздану. Палатаның ішкі тәртібіне сәйкес шешім шығарып, заң бұзған нотариусты қауымдастықтан шығарып, лицензиясынан айыруы мүмкін.  Бірақ бәрін бірдей бақылау қиынға соғып отыр. Себебі соңғы он жылда нотариус саны 3 есе өсіп, бүгінде бес мыңға жеткен.

Олег Полумордвинов, республикалық нотариат палатасының төрағасы: 

- Әлемдік стандарттар бойынша бұл шамадан тыс. Бұл жаһандағы орташа көрсеткіштен шамамен төрт есе жоғары. Қазіргі уақытта нотариус ретінде тіркелу және тіркеуден шығу  жеңіл. Сондықтан, өкінішке орай, біз бұны бақылай алмаймыз. Егер лицензияңыз болса, белгіленген ережені сақтай отырып жүйеге оңай кіріп шыға аласыз. Сондықтан нотариустар саны үнемі өзгеріп отырады, жалпылама статистика шамамен 12 пайыздық ауысу байқалады. Бұл әділет органдарына тиісті тексеріс жүргізуді қиындатады. Ал біз болсақ, оларды оқытып үлгермей жатамыз.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Мәжіліс депутаттары мақұлдаған заң жобасы ендігіде нотариат қызметін жіті тексеріп, заңсыздықтың алдын алуды көздейді. Оған қоса нотариаттық қызметтің бірсыпырасы цифрлық ортаға өтуі мемлекеттік бақылауды жеңілдете түспек. 

Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz