Қазақстанда ымдау тілі қарым-қатынас құралы ретінде заңнамалық деңгейде бекітіле ме?
Елде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам адам болса, олардың құқығы жоғары білім алудан бастап, мемлекеттік қызмет, медицина, сот секілді аса маңызды салаларда толыққанды қорғалмай отыр. Бір топ Мәжіліс депутаты осы мәселені қаузап, ел Үкіметіне сауал жолдады.
Рухани Әбдірахман, тілші:
- Елімізде есту қабілеті бұзылған 30 мыңнан астам адам болса, соның 5 мыңға жуығы балалар.
Жыл сайын елімізде мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары бұзылуына байланысты 45 мыңнан астам өтініш түседі. Бұл құқық қорғау органдарының жай статистикасы емес, қоғамнан шет қалып отырған адамдардың үні, деді депутат Екатерина Смолякова. Ол елімізде ымдау тілі әлі күнге дейін заңнамалық деңгейде мойындалмағанына назар аударды. Әлеуметтік кодексте ымдау тілі тұлға-аралық қатынас құралы ретінде танылмаған. Депутат қазақтың ымдау тілін қатар дамыту қажеттігін айтты.
Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақта айталмаған сөз жетім, дейді. Бірақ кейде мәселе адамның айтқысы келмегенінде емес, мәселе қоғамның оны түсінбеуінде. Олар үшін ымдау тілі жай қарым-қатынас құралы емес, бұл олардың әлеммен байланысы, тілі. Бірақ мәселе мынада: Қазақстанда ымдау тілі әлі күнге дейін заңнамалық деңгейде мойындалмаған. Салдарынан мыңдаған азамат ақпаратқа, білімге, жұмыс істеуге, мемлекеттік қызметтерге толық қол жеткізе алмай отыр. Бұл тең мүмкіндіктер мәселесі. Қазақта тағы да бір сөз бар: Ымды түсінбеген дымды түсінбейді, дейді. Өкінішке орай, біз әлі күнге дейін осы азаматтардың тілін толық түсініп болған жоқпыз.
Бізде 90 жылға жуық тарихы бар «Саңыраулар қоғамы» жұмыс істейді. Бірлестік есту қабілетінен айырылған жандарға қамқорлық танытумен келеді. Сондай-ақ, олардың жанайқайын жеткізсек дейді. +СНХ
Сайлаугүл Омарханова, «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті:
- «Қазақстан саңыраулар қоғамы» 1937 жылдан келе жатқан үлкен қоғам. Біздің негізгі мақсатымыз құлағы естімейтін адамдардың заңдық құқығын қорғау. Бүгінгі күнде көп қиыншылықтарға кез болып отырмыз. Өйткені мынау ым тілі заң деңгейінде қабылданбағаны. Сурдоперевод мамандар бар бірақ осы сурдоаудармашы дайындайтын, өкінішке орай, мемлекетте бірде бір оқу орны жоқ. Даже колледж жоқ. Басқа елдермен қарағанда бізде құлағы естемейтін адамдардың білім деңгейі өте төмен.
Сайлаугүл Омарханова ауызша сөйлемді ым-ишара тіліне аударатын яғни ақпаратты жеткізуге көмектесетін мамандар жоқтың қасы деді. Бүгінде елдегі 3 жоғары оқу орны «Сурдопедагогика» мамандарын оқытады. Оларда бакалавриат бойынша 366 студент, магистратурада 16 адам білім алып жатыр. Түлектер болашақта оңалту орталықтары мен инклюзивті білім беру мекемелерінде балалар мен ересектерді бейімдейді.
«Сурдопедагогика» мамандығы
1. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
2. Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті
3. М. Х. Дулати атындағы Тараз университеті
Бакалавриат - 366 адам (мемлекеттік тапсырыс 305)
Магистратура - 16 адам (барлығы мемлекеттік тапсырыс)
Есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға сабақ беретін жалғыз маман – дәл осы сурдопедагогтар. Қазір елде осындай 223 маман ғана бар. Тағы 90-нан аса кадр жетіспейді. Білікті маманға қажеттілік өзекті болуымен қатар, есту қабілеті бұзылған азаматтарға,, ымдау тілі маманы көрсететін қызмет сағаты да,, тым аз болып отыр. Жылына тек 60 сағат қана қызмет көрсетіледі. Одан асса, мүгедек ақыны өз қалтасынан төлеуге мәжбүр.
Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл 1 жылға жетпейді, тіпті күнделікті өмірге де жетпейді. Тағы да бір маңызды мәселе ақпараттық қолжетімділік. Телеарналар тәулігіне сурдоадармамен немесе субтитрмен тек жаңалықтар бағдарламасын көрсетуге міндетті. Оның өзі көбіне сағат 16:00 мен 22:00 аралығында ғана көрсетіледі. Бірақ адамға тек жаңалық жеткіліксіз ғой. Білім, мәдениет керек. Қоғамдық өмірге араласу керек. Сондықтан Үкіметтен сұрайтынымыз, біріншіден, ымдау тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде занамалық деңгейде тану.
Расымен, бүгінде көптеген подкаст, сұхбат, деректі фильмдер, театр мен музейлер есту қабілеті бұзылған жандар үшін әлі де қолжетімсіз. Өзге елдермен салыстырсақ, мысалы, Финляндия ымдау тілін Конституцияда бекіткен. Жаңа Зеландия мемлекеттік мәртебе берген. Көптеген ел ымдау тілін білім беру мен мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігіне айналдырған.
Сайлаугүл Омарханова, «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті:
- Біз өзіміздің білімімізді жоғарылатқымыз келеді деген көп өтініштер түседі. Пол жуады, даланы сыпырады немесе грузчик жұмыстың жоқтығынан. Мүгедектігі жағынан ІІІ группаға жатады құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын адамдар. Мемлекет тарапынан бөлінетін пәтер ала алмайды, көбінде үйі жоқ. Үй алайын десе жұмысы жоқ. Бұл мен ойлаймын негізінде дискриминация.
Бірқатар мәселені тізбектей келе, Парламент өкілдері ымдау тілін толыққанды қарым-қатынас тілі ретінде заңнамалық деңгейде ақындауды ұсынды. Мемлекеттік қызмет, медицина, сот секілді аса маңызды салаларда қолданылуына нақты кепілдік беру, маман даярлау, сурдоаударма, субтитрмен берілетін контент көлемін арттыру қажеттігі баса айтылды.
Тегтер #ымдау #заң #ұсыныс #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz