RU
Толық нұсқаға өту

Елорда тұрғындары өзіне тиесілі баспанаға алты жыл бойы кіре алмай жүр

09.06.2026, 20:00 219

Елорда тұрғындары өздеріне тиесілі баспанаға 6 жыл бойы кіре алмай жүр.

Құрылыс компаниясы 2021 жылы екіжақты қол қойылған келісімшарттың талабы мен баға саясатын өз ыңғайына қарай өзгерте береді дейді ашынғандар. Мердігерлер дайын тұрған тұрғын үй кешенінің бір бөлігін пайдалануға беруге асығатын емес. 

Бұл елорда іргесіндегі "Интернациональный" тұрғын алабында орналасқан "Сұңқар" тұрғын үй кешені. Оған қосымша Г блогы жалғана салынған. Құрылыс компаниясы 2020 жылдан бастап 20-ға жуық тең инвестордан қаржы жинап, нысан құрылысын толық аяқтайды. Енді тұрғындардан қосымша келісімшартқа қол қоюды талап етіп отыр. Бұдан 6 жыл бұрынғы бағамен салыстыра отырып, қазіргі қойылған құнмен келіспейді арызданушылар.

БЛИЦ:

- Біресе телефонды алады, біресе алмайды. Біресе Семейге кеттім дейді. Ұстатпайды. Ол былай дейді. Инфляция болып жатыр. Осыған байланысты мен бүйтуім керек, сөйтуім керек. Менің бәленбай ақшам кетті. Пәтерім мен саяжайымды саттым. Біз айтамыз, біздің оған не жұмысымыз бар. Шартқа қол қойдық, төле деген ақшасын төледік.

- Мына үйді алғанымызға 2022 жылдан бері алдық, ол кісі айтты 2 айдан кейін кіре аласыңдар деп. Біз ақшасын наличкамен бердік. Біз алдын алдын ала ремонтын істеп алдық. Кейін 2 ай өткеннен кейін ол кісі басқаша сөйлей бастады.

Құрылыс компаниясы ұсынған қосымша келісім-шартта мерзім кейінге шегеріп көрсетілген, сондай-ақ нотариалды куәландыру жасаудан бас тартып отыр, дейді инвесторлар. Бастапқы баға шаршы метрі үшін 230 мың тг болса, қазір бұл сомаға тағы 30 мың тг қосылған. Жалпы құрылыс компаниясының басшысы Ералы Құсайынов "барлық инвестор жаңа келісімшартқа сәйкес ақшасын толық төлеген соң ғана баспанасына кіре алады. Мен ол ақшаны жылыту жүйесін кіргізіп, су құбырын тартуға жұмсаймын. Егер бұл іс сотқа баратын болса, екі жақты даудың нүктесін сот қойсын" деп айтты. Тұрғындар оның бұл талабын алаяқтық деп санап, аудандық прокуратураға, полиция департаментіне, тіпті қала әкімдігіне де шағым жолдады. Алайда бұл іс тұралап тұр, дейді заңгер.

Фатима Ахмедова, заңгер:

- 2025 жылғы 4 маусымда біз арнайы комиссияны да шақырдық. Сарайшық ауданы әкімдігінен өкілдер келіп, нысанды тексеріп шықты. Тексеру барысында үйдің іс жүзінде пайдалануға толық дайын екені анықталды. Нысан салынып біткенімен және пайдалануға беру актісі болғанымен, бұл акт мемлекеттік органдарда тіркелмеген.

Заңгердің айтуынша, 2023 жылдың қарашасынан бері салушы мен тапсырыс беруші жоғарыда аталған құжатты тіркеуге мүлде жолдамай отыр. Ал тіркеусіз меншік құқығын тану туралы сотқа талап арыз беру мүмкін емес. Себебі әр пәтердің сәйкестендіру нөмірі болуы керек. Сондықтан инвесторлар Ералы Құсайыновтың қандай да бір жұмыстар аяқталмағанын сылтауратып, мәселені әдейі ушықтырып отыр деп есептейді.

Еркебұлан Шаяхметов, Астана қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы:

- Құрылыс аяқталғаннан кейін нысанды пайдалануға тапсыруды тапсырыс беруші жүзеге асырады. Тапсырыс беруші мердігерден, техникалық және авторлық қадағалаудан қорытынды мен декларацияны қабылдап алады. Осыдан кейін қабылдау актісін бекітіп, тіркеуден өткізеді. Ал оның бұл құжатты неге ХҚКО арқылы тапсырмай отырғанына Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органы жауап бере алмайды. Бұл жерде құрылыс нысанын салушы мен тұрғындар арасында келісім-шарт бар. Даулы мәселе сол келісім аясында туындаған құқықтық қатынас болып саналады. Сондықтан бұл тек сот тәртібімен ғана шешіледі.

Осы арада Астана қаласының Полиция департаменті аталған факті бойынша ешқандай арыз түспегенін, сондықтан қылмыстық іс қозғалмағанын хабарлады. Әзірге тараптар өз ұстанымдарын қорғауды жалғастырып жатыр. Ал тең инвесторлар түйткілді шешу үшін барлық есікті қағуға дайын.

Мирлан Алтынбек, Эльвира Лекерова, Ержан Қанапияұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz