RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысында өрт қаупі күшейді

10.06.2026, 07:42 41

Павлодар облысында өрт қаупінің ең жоғары бесінші деңгейі жарияланды. Аймақта күн 35 градустан төмендемей тұр. 

Барлық күштік құрылым күні-түн кезекшілік атқарып, күшейтілген жұмыс режиміне көшті. 

Төтенше жағдай қызметінің хабарлауынша цифрландыру бақылауды жеңілдеткен. Соның арқасында өрт 30 пайызға азайған. Алайда қауіп сейілген жоқ. Халық та қырағы әрі сақ жүргені жөн. 

Облыста дала өртінің  80 пайыздан астамы тұрғындардың салғырттығынан туындайды. Құрғақ шөпті заңсыз өртеу, ауыл шаруашылығы техникасынан шыққан ұшқын, толық сөндірілмеген от пен бейберекет тасталған темекі тұқылы өрттің шығуына себеп болады. 

Оразбек Уәлиханов, облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

- Қазір облыс аумағында өрт қауіпті деңгейі жоғары деп саналады. Сол себепті енді ТЖД осы өрт қауіпсіздігі кезеңі басталғалы 800-ден астам рейдтік шаралар жүргізді. Ол рейдтік шараларда ТЖД ғана емес полиция қызметкерлері, орман қызметкерлері рейдтік шаралар жүргізіп жатыр. Рейдтік шаралар барысында 151 адамға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін әртүрлі айыппұл салынды. 

Жыл басынан бері облыста 23 рет өрт болған. Былтырмен салыстырғанда азайған. Орман және дала өрттерін ерте анықтап, дер кезінде сөндіру үшін,  заманауи цифрлық технологиялар қолданылып жатыр. Орман шаруашылықтарындағы мұнараларға орнатылған бақылау камералары тәулік бойы жұмыс істейді. Олар аумақты шолып, түтінді ондаған шақырым жерден анықтай алады. 

Дамир Абылқайыров, облыстық ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығы бастығының орынбасары:

- Облыс бойынша «Ертіс орманы» аумағында 23 камера орнатылған. Сонымен қатар облыс әкімдігінің жер қойнауын пайдалану басқармасы 18 камера орнатқан. Қазір тағы 8 камера орнатылып жатыр. Сондай-ақ Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 8 камераны іске қосу  процесі жүріп жатыр.

Технология  дамығанымен арқаны кеңге салуға болмайды. Тілсіз жау қателікті кешірмейді. «Сондықтан өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау маңызды», - дейді жауаптылар. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz