Елде 2026-2028 жылдарға арналған медициналық туризмді дамытудың жол картасы әзірленіп жатыр.
Оның аясында шетелдік пациенттерге арналған Kazakhstan Health Travel бірыңғай цифрлық платформасы іске қосылады. Жоба медициналық ұйымдар, сервистік компаниялар мен емделушілерді бір экожүйеге біріктіреді. Бүгінде отандық 10 медициналық ұйым халықаралық JCI аккредитациясын алды. Нәтижесінде Үндістаннан келушілер 40 есе, Қытайдан 24, Түркиядан келіп емделушілер үш есеге көбейген. Қазақстанға Еуропа, Америка, Шығыс және Орталық Азия елдерінен азаматтар келіп ем алады. Былтыр 80 мың шетелдік азамат отандық ауруханаларда ем қабылдады. Қазақстан кардиохирургиясы – әлемдегі үздік 30 мемлекеттің қатарында. Жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларынан өлім-жітім 15 жылда үш есе азайды. Қазір медициналық орталықтарда протон терапиясы, гамма-пышақ, роботтандырылған хирургия және нейромодуляция сынды технологиялар қолданылады. Бұдан бөлек, донорлық мүшенің ағза сыртында 24 сағаттан астам уақыт бойы қызметін сақтап тұруға мүмкіндік беретін ALEM құрылғысы бар.
Наталья Ющицина, ҚР ДСМ Салидат Қайырбекова атындағы ҰҒДСДО Денсаулық сақтау саласындағы талдау және стратегиялық зерттеулер департаментінің директоры:
- Жол картасының негізгі мақсаты – медициналық қызметтердің жаһандық нарығына кіріктірілген, бәсекеге қабілетті медициналық туризм жүйесін қалыптастыру. Құжат бес негізгі бағыттан тұрады. Ең маңызды бағыттардың бірі – медициналық туризмнің нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру. Осы мақсатта Денсаулық сақтау кодексіне өзгерістер енгізу, негізгі ұғымдарды бекіту және медициналық туризмнің ұлттық операторын құру жоспарланған.
Тегтер #медициналық туризм #жол картасы #шетелдік пациенттер #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz