RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбеде ақжауын селдетіп тұр

10.06.2026, 08:04 59

Ақтөбеде ақжауын селдетіп тұр. Жаңбыр екі апта болды, тоқтайтын емес. Тіпті өңірдегі үш ірі су қоймасы бір күн ішінде бір жарым млн текше метрге ұлғайған. 

Өзен-тоғандар да аузы-мұрнынан толып тұр. Ауыл мен қала көшелері көлге айналып, жұрт су кешіп жүр. Енді жаңбырдың бұл мезгілде толассыз жауғаны береке ме әлде қауіп пе? Егістік пен шабындықтың жайы не болады? 

Ақтөбеде нөсер басталғанына екі аптадан асты. Синоптиктер бір айлық мөлшерден бес есе көп ылғал түскенін айтады. Нәтижесінде өңірдегі Ақтөбе, Сазды және Қарғалы суқоймаларының қоры біршама ұлғайған. 

Ұлғаным Шамилова, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының бөлім басшысы:

- Соңғы 14 күнде жауған жаңбырдың нәтижесінде Ақтөбе су қоймасына 4 млн текше метр су келді. Қарғалы су қоймасына 1 млн 130 мың м³, ал Сазды су қоймасына 830 мың м³ су жиналды. Жауын-шашынның мол болуына байланысты қазіргі уақытта суды босату тоқтатылды. Бау-бақшаға әзірге су қажет емес, өйткені жаңбыр суы жеткілікті. Сондықтан су қорын үнемдеп отырмыз.

«Мұндай ауа-райы ауыл шаруашылығына қолайлы», - дейді диқандар. Қарғалы ауданындағы бұл шаруа қожалығы биыл 5 мың гектар жерге дәнді-дақыл мен мал азығын еккен. Серіктестік директоры Қазбек Өтесінов егіс жұмыстары дер кезінде аяқталғанын айтады. Көктемгі науқаны мәресіне жеткен күні бұлт үйіріліп, егістікке жауын төгіп өткен. 

Қазбек Өтесінов, шаруа қожалығының басшысы:

- Қазіргі кезең егіннің жақсы шығуына өте қолайлы болып тұр. Дегенмен ылғалдың көп болуына байланысты кейбір мәселелер де туындауы мүмкін. Атап айтқанда, түрлі бактериялық аурулар пайда болуы ықтимал. Алайда біз бұған толық дайынбыз. Қажетті препараттардың барлығы сатып алынды. Егер ертең күн ашық болса, өңдеу жұмыстарын жүргізуге шығуға дайынбыз.

Диқандардың ертеңгі күнді уайымдайтын жөні де бар. Себебі синоптиктер жауын-шашын толастай қоймайды деген болжам айтты. Дегенмен циклон көбіне Ақтөбе қаласы мен солтүстік аудандар аумағында. Кешегі нөсер де негізінен облыс орталығын қамтыған.  

Салтанат Бақтыбаева, жетекші инженер-агрометеоролог:

- Маусым айының 1 мен 9 аралығында Ақтөбенің «Батыс-2» шағын ауданындағы станция 144,8 мм жаңбыр жауғанын көрсетті. Ал бізде ылғалдың бір айлық мөлшері 30 мм құрайды. Орташа есеппен жауын-шашын көлемі бес есе артық. 

Жауын-шашын қала тұрғындарын да әбігерге салды. Шаһардағы суағарлар толып, көшелерді су басты. Ақтөбеде күндіз-түні 110 ассенизатор көлігі жұмыс істеп жатыр. Шамамен 140 мың текше метр жауын суы шығарылды. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz