RU
Толық нұсқаға өту

Digital Archive EXPO көрмесі өтіп жатыр

10.06.2026, 08:12 64

Жасанды интеллект шаң басқан архивтердегі құжаттарды түгендейді, ескі жазбаларды оқиды. 

Мұрағат қоймаларын басқаруға арналған жүйе мен архив қызметкерінің көмекшісі секілді IT өнімдер де бар қазір. Бірегей цифрлық жобалар ІІІ халықаралық Digital Archive конгресінде көрсетілді. Жасанды зияттың көмегімен маңызды мағлұматтарды талдауға да болады. Яғни уақыт үнемдейсіз әрі қажет ақпарға оңай қол жеткізесіз.

Digital Archive конгресінде Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві төрт бірдей цифрлық өнімін таныстырды. Бірегей жобалар халықаралық іс-шарадағы салалық көрмеде көпшілікке паш етілді. Соның бірі – архив қоймаларын виртуалды басқаруға арналған «GEOTOPOGRAPHY» жүйесі.

Самал Кобзодинова, ҚР Президенттік Архивінің цифрландыру қызметінің бас сарапшысы:

- Біз қоймадағы микроклиматты, ондағы жүктемені және құжаттардың әрі-бері қозғалысын тікелей эфир режимде бақылай аламыз. Әсіресе тапсырыс жиі түсетін құжаттарды анықтау жеңілдей түседі. Әр құжаттың қаншалықты сұраланатынын біліп, оларды оңтайлы жерге орналастырамыз. Бұл қоймадағы логистиканы үйлестіру үшін өте ыңғайлы. Сондай-ақ қойманың интерактивті картасы бар, мұнда түстеріне қарай сөрелердің жүктемесін бақылай аламыз. Қызыл түс сөредегі құжаттың шамадан тыс артылғанын білдіреді. Ал жасыл не сары түстер – олардың біршама бос екенін көрсетеді. Осылайша, архив қызметкерлерінің жұмысы оңтайлана түседі.

Президенттік архивте, сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен мәліметтерді талдауға арналған Quralai жобасы іске қосылды. Бұл архившілердің қандай да бір іске қатысты қорытынды шығару ісін жеделдетеді. Яғни цифрлық көмекші том-том құжаттарды санаулы секундта саралап, маманның уақытын айтарлықтай үнемдейді. Айта кетерлігі, салалық көрмеде шетелдік жобалар да ұсынылған. Соның бірі – түп-тамырын іздеп, ата-бабасын танығысы келетіндерг арналған АҚШ-тың Family Search жобасы.

Джоннатан  Макколлан, Family Search International жобасының өкілі:

- Біз жаһан елдерінің мемлекеттік архивтерімен әріптестік байланыс орнатамыз. Құжаттарды цифрландыруға көмектесіп, қолжазбалардың транскрипциясын жасауға септесеміз. Осылайша, мұрағаттардағы мәліметтерді жинақтап, түп-тамырын іздеген адамдарға осы құжаттардың көмегімен ата-бабасы кім болғанын анықтауға қол ұшын созамыз. Негізі жобамыз Батыс Еуропа, Латын Америкасында жақсы дамыған. Енді Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерімен байланыс орнатқымыз келеді. 

Халықаралық конгреске әлемнің 30 елінен 500-ден астам мұрағат ісінің өкілдері тіркелген. Дені Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО, Халықаралық архивтер кеңесінің өкілдері, жетекші IT-сарапшылар мен ғалымдар.

Қайрат Әлімғазынов, ҚР Президенттік архив директорының орынбасары:

- Конгресс аясында бірнеше мемлекеттік архиф мекемелерінің президенті меморандумға қол қойды. Пленарлық сессияда сөйлеген Жозе Кирпс президенттің ұсынысымен біз Президент Архивінің және халықаралық кеңес архивтеріне меморандумға қол қойдық. Сонымен қатар Ұлттық Ұлыбритания,  және біздің көрші елдерімізден Өзбекстан әріптестерімен архив агенттіктерімен меморандум, серіктестігіне қол қойдық.

12 маусымға дейін жалғасатын конгресс аясында сарапшылар клубының отырысы, тақырыптық сессиялар, шеберлік сабақтары мен Халықаралық жас архившілердің жазғы мектебі ұйымдастырылады.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ақылбек Есімсейіт

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz