ҚР Ішкі істер министрлігі мұнай өнімдері мен жанар-жағармайды заңсыз тасымалдаушылдармен күресті күшейтті, деп хабарлайды «24KZ».
Қазіргі таңда мемлекеттік шекарадағы 48 автокөлік өткізу пунктінде патрульдік полицияның 59 бекеті жұмыс істейді. Жанар-жағармайды заңсыз тасымалдау фактілерін, оның ішінде жол талғамайтын көліктерді пайдалану арқылы жүзеге асырылатын әрекеттерді анықтау және тоқтату бойынша шаралар қабылдануда. Шекара маңында орналасқан Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарына ерекше назар аударылып отыр, — делінген хабарламада.
Бұл өңірлерде осындай құқық бұзушылықтардың жолын кесу, сондай-ақ конструкциясы өзгертілген көлік құралдарын анықтау бойынша қосымша шаралар қолға алынған. Сонымен қатар автокөліктерді заңсыз қайта жабдықтаумен айналысатын, қажетті тіркеу және рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істейтін техникалық қызмет көрсету станцияларының қызметін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Мысалы, Қордай ауданының Қордай ауылында полиция қызметкерлері мемлекеттік кірістер органдарының өкілдерімен бірлесіп, қосымша жанармай бактарын орнатумен айналысатын 16 техникалық қызмет көрсету станциясын тексерді. Тексеру нәтижесінде алты нысан иесіне қатысты әкімшілік материалдар жинақталды.
Тек соңғы бір айдың өзінде полиция қызметкерлері шамамен 12 тонна жанар-жағармайды заңсыз әкетудің жолын кесті. Қайта жабдықталған жанармай бактары бар 54 автокөлік анықталып, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер министрлігі мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды одан әрі жалғастырады, - деп хабарлады ІІМ.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Қазақстан #қылмыс #экономика #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz