Ақмола облысы Жолымбет ауылындағы үйлер шетінен опырылып жатыр.
Жергілікті жұрт бұған елді мекен маңында орналасқан кен орнындағы жарылыс жұмыстары себеп дейді. Кәсіпорын өкілдері халықтың қауіпсіз жерге көшуі үшін баспаналарын сатып алатынын айтқан. Алайда берілген уәде құрғақ сөз болып шықты дейді қараша.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Жолымбет ауылының жұрты үйіндінің астында қаламыз ба деп үрейленіп отыр. Елді мекен маңындағы кен орнында жарылыс жұмыстары басталғалы халықтың мазасы қашқан. Баспанасы бүлініп, қабырғасы қақыраған қарашаның басым бөлігі қалаға қоныс аударған. Ал қалтасы көтермегендер күнделікті түннен түгел шығуды тілейді.
Алтыншаш Шарықбайқызы, Жолымбет ауылының тұрғыны:
- Ұйқы деген жоқ. Тарс-гүрс күні-түні тоқтамайды. Әйнекті ашайық десек, мына жерде карьер бар. Жарылыс болған кезде сары түтін келеді, тыныс алу мүлде мүмкін емес. Қорқып ұйықтаймыз. Бір күні жердің астына кетіп қаламыз ба деп алаңдаймыз. Осылай жалғаса берсе, не боларын білмейміз.
Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар? Тіршілігі қыз-қыз қайнаған ауылдың қазір басынан бағы тайып, базары тарқаған. 10 жыл бұрын халық саны он мыңнан асатын елді мекенде 4 мыңдай ғана тұрғын қалды. Алтын өңдеумен айналысатын кен орны жарылыс жұмыстарын күшейткелі баспаналар бордай тозған. Ал Халил Сатбековтың қара шаңырағы тура мағынасында қақ айырылыпты.
Халил Сатбеков, Жолымбет ауылының тұрғыны:
- Бұл ауылда өмір сүру қауіпті болып барады. Жарылыс жұмыстарының салдарын өздеріңіз көріп тұрсыздар. Баспанамыздың төбесі опырылып, қабырғалар ажырап кеткен.
Күнделікті болатын дүмпүлердің салдарынан жартығын жамап, бүлінгенін бүтіндеп жүрген жолымбеттіктердің шыдамы шытынап, сабыры сарқылған. Үш жыл бұрын қарашаны қауіпсіз жерге көшіру үшін үйлерді сатып аламыз деген компания өкілдері де ұшты-күйлі жоғалды дейді.
Әбу Мұхитов, Жолымбет ауылының тұрғыны:
- Жарылыс қатты болады. Қатты болғанда қабырғалар дүрсілдеп, жарылып кетеді. Үш жыл бұрын бізге: «Сіздер санитарлық аймақта тұрасыздар, сіздерді көшіреміз», - деген хабар айтылған еді. Алайда содан бері ешқандай өзгеріс болған жоқ. Енді біздің талабымыз – айтқан сөздерінде тұрып, бізді көшіру.
Жексенбай Жүсіпов, Жолымбет ауылының тұрғыны:
- Бір рет осы компаниядан келген жігіттер болды. «Үйіңізді қаншаға сатасыз?» деп сұрады.
Өзіміздің сұрап отырған бағамыз – 15-20 миллион теңге. Одан артық сұрап отырған жоқпыз. Десе де олар бере қоймайды ғой. Ақшалары жоқ, алтынды аз өндіреді екен. Ал Жолымбет ауылынан 30-100 жыл бойы пайда көріп, алтын өндіріп келеді. Енді қалай болады?
Аты дардай «Алтын алмас» компаниясы тек санитариялық-қорғау аймағындағы үйлерді сатып алатыны туралы хабарлады. Бұл аумаққа ауылдағы 1282 баспананың 52-сі ғана еніпті. 1 ай бойы күттіріп, жазбаша жолдаған жауаптарында биыл тағы қанша үйдің сатып алынатыны туралы, өзге де өтемақы мен есептеудің қалай жүргізілетіні жайлы мардымды жауап жоқ.
Қазіргі уақытта компания 27 тұрғын үй сатып алды, оның ішінде:
17 үй – «Оңтүстік» карьері учаскесінен 1000 метрлік санитариялық-қорғау аймағында;
10 үй – №6 карьер учаскесінен 300 метрлік санитариялық-қорғау аймағында.
Жылжымайтын мүлікті сатып алу жұмыстары Компанияның бекітілген ішкі әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.
«АК АлтынАлмас» акционерлік қоғамы
Ал аудан әкімдігі болса халыққа тек өтінім жіберу жұмыстарына ғана жәрдемесе алатынын айтты.
Болат Тоқышев, Шортанды ауданы әкімінің орынбасары:
- Бір аккредиттелген ұйым бар, олардың өздерінің сертификаты бар. Сол ұйым арқылы тұрғындар үйлерін «авариялық» деп таниды. Одан кейін, егер ол аймақ шынымен «Алтын Алмас» компаниясының қарамағында болса, тұрғындарды сол компанияға жібереміз. Ал егер ол аймақ сол санитарлық/өндірістік зонаға кірмесе, онда тұрғындарды үй кезегіне қоямыз.
Қызығы 4 мың халқы бар ауылдан ресми дерек бойынша биылдыққа үйінің апатты екенін айтып, 5-ақ адам өтінім беріпті. Әкімдік: «Осыған қарамастан ақпараттандыру жұмыстарының нәтижелі жүріп жатыр», - дейді.
Шерхан Абзалұлы, Асхат Қарағойшиев
Тегтер #Ақмола облысы #ауыл #үйлер #кен орыны #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz