«Хабар» көтерген мәселе шешімін тапты. Көкпекті ауданына қарасты Тассай ауылының тұрғындары бірнеше жыл бойы аудан орталығына жету үшін айналма жолмен қатынап, қиындық көріп келген еді.
Бұл түйткілді мәселені біздің редакцияның тілшілері бірнеше мәрте көтеріп, жауапты органдардың назарына жеткізген болатын. Өткен жылы ауыл маңында жаңа көпір құрылысы басталды. Бүгінде нысан толық аяқталып, ел игілігіне берілді.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Қазір біз Көкпекті ауданындағы Тассай ауылына апаратын көпірдің астында тұрмыз. Бұл өткелді 2024 жылы қарғын су шайып кетіп ауыл тұрғындары 120 шақырым жер жүріп, айналма жолмен қатынауға мәжбүр болған еді. Қазір міне, жаңа көпірдің құрылысы аяқталуға жақын.
Тассай ауылының тұрғындары жыл сайын тасқын қаупімен бетпе-бет келеді. Екі жыл бұрын жол қатынасы үзіліп, ауыл оқшауланған болатын. Көпшілікті алаңдатқан мәселе назарға алынып, былтыр жаңа көпірдің құрылысы басталды. Оған 800 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған.
Нұрбек Қошқарбаев, Көкпекті ауданының әкімі:
- Негізінде келісімшарт бойынша жұмыс осы желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс. Алайда мердігер көпірді толық аяқтайтынын уәде еткен. Сонымен қатар өз бастамасымен сол жақтағы 1 шақырым жолды да асфальттап беруді жоспарлап отыр. Қазір халық бұл іске риза.
Көпір құрылысына 20-дан астам техника мен 60-тан астам жұмысшы жұмылдырылды. Құрылысшылар жыл он екі ай тынымсыз еңбек етіп, биыл көктемде жаңа көпір арқылы көлік қозғалысын ашты. Мамандардың сөзінше, заманауи талаптарға сай салынған нысан бұрынғы өткелге қарағанда әлдеқайда биік әрі берік.
Қанат Сақан, мердігер компания директоры:
- Алдыңғы көпірден ерекшелігі – бұрынғы көпірдің ұзындығы 36 метр болса, қазіргі көпір 72 метрге дейін ұзарған. Бұл көпірдің тағы бір ерекшелігі – екі тірегіне 8 буронабивной свай қарастырылған. Бұл көпірдің беріктігіне жауап береді. Сондай-ақ су өткізу көлемі де ұлғайған.
Биыл көктемнен бастап ауыл тұрғындары жаңа көпір арқылы қатынап жүр. Екі жыл бойы айналма жолмен жүруге мәжбүр болған жұрт үшін бұл – көптен күткен қуаныш.
Салтанат Кәйкібаева, Тассай ауылының тұрғыны:
- «Хабар» Агенттігі біздің Тассай ауылының Жүзағаш көпірі бұзылғаннан бері неше мәрте келіп, біздің қалымызды сұрап осыған үлес қосып жатқандарына үлкен рақмет айтамыз. Көпіріміз енді бұзылмасын! «Жол мұраты – жету» дейді. Жолымыздың қызығын көрейік. Жол азабын жүрген біледі. Жол азабын тартпайық.
Әлімхан Мұқанұлы, Тассай ауылының тұрғыны:
- Қазір халық тыныш. 60 километр 40 минутта барады сол уақытта қайтып келеді. Больницаға бара ма, басқа шаруалары барма, бәрін түгел бітіріп жатыр. Міне, біз разымыз. Ақсақалдар атынан алғысымыз зор.
Жоба жоспарына сәйкес құрылыс желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Алайда мердігер ұйым өкілдері қалған жұмысты мерзімінен бұрын тәмамдап, көпірдің ашылу рәсімін жаздың соңына дейін өткізуді жоспарлап отыр. Осылайша, Тассай ауылының тұрғындары жаңа көпірдің игілігін көріп, жол машақатынан құтылмақ.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков
Тегтер #Хабар агенттігі #жоба #мердігерлер #көпірPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz