RU
Толық нұсқаға өту

Бизнеске кредит беру көлемі 20% өсті

10.06.2026, 19:50 34

Елде банктер бизнесті қаржыландыру көлемін арттырған. Әсіресе шағын және орта кәсіпкерлерге берілген кредит сомасы көбейіп келеді.

Ұлттық банк жүргізген зерттеуге сәйкес, бизнестің банктен алған қарызы 18,3 трлн теңгеге жеткен. Қаржы ұйымдарының жеке азаматтардан корпоративті секторға ойысуына не себеп?

Иә, кейінгі жылдары елде бизнеске кредит беру экономикалық белсенділіктің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банк секторының кәсіпкерлік субъектілеріне берген кредиттері 18,3 трлн теңгеге жетті. Бір жылда сома 20,4%-ға өссе, соңғы үш жылда бір жарым еседен астам ұлғайды. Бір қызығы, елдегі өсім негізінен шағын және орта бизнесті қаржыландыру көлемінің артуы есебінен болды. Мәселен, шағын кәсіпкерлік субъектілерге берілген несие 38%-ға өсіп, 8,7 трлн теңгеге жетті, ал орта кәсіпкерлік субъектілерге берілген несиелер 30,7%-ға артып, 3,1 трлн теңгені құрады.

Кредит көлемі – 18,3 трлн теңге
1 жылғы өсім – 20,4%
3 жылғы өсім – 150%
шағын кәсіпкерлік субъектілер – 8,7 трлн теңге
өсім – 38%
орта кәсіпкерлік субъектілер – 3,1 трлн теңге
өсім 30,7%

Айбар Олжай, сарапшы:

- Кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландырудың жандануы тек ел бойынша ғана емес, өңірлер мен экономика салалары деңгейінде де оң нәтижелер берді. Жылдық көрсеткіш бойынша бизнеске берілген кредиттер елдің барлық өңірінде өсті. Ең жоғары өсім Алматымен Түркістан, Жетісу, Жамбыл және Қызылорда облыстарында тіркелді.

Қазір мемлекет банктерді экономикаға қаржы құюға ынталандырып бағуда. Мәселен, кепілсіз берілетін несиеден түсетін пайдаға 25 пайыз салық салынса, кәсіпкерге берілген кредиттен 20 пайыз корпоративті табыс салығы төленеді. Сондай-ақ жеке азаматтарға берілетін несиенің жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін шектейтін талаптар қабылданды. Енді ол 46 пайыздан аспауға тиіс. Бұл да банктердің корпоративтік секторды таңдауына алып келді. Дегенмен, жыл басынан бері берілген қарыз көлемі 61 млрд теңгеге төмендеген. Оның себебін қаржыгерлер былай түсіндірді.

Алматы қ. - 60,6%
Түркістан облысы - 57,9%
Жетісу облысы - 43,1%
Жамбыл облысы - 42,1%
Қызылорда облысы - 36,4%

Жалпы алғанда елдегі бизнеске кредит беру нарығы тұрақты өсім көрсетіп, әрі қарай да ұлғаю мүмкіндігін сақтап отыр. Қаржыландыруға қолжетімділіктің артуы, мемлекеттік қолдау тетіктерінің дамуы және екінші деңгейдегі банктердің белсенділігі кәсіпкерлер үшін тұрақты қаржылық ортаның қалыптасуына ықпал етуде. Елде кәсіпкерлікті қаржыландыру экономиканың барлық саласында өсім көрсеткен. Қарыз көлемі бойынша үздік үштікте өнеркәсіп, сауда, көлік салалары тұр. Сондай-ақ құрылыс, ауыл шаруашылығы, байланыс секторына да көп қаражат құйылған.

Өнеркәсіп – 7 трлн теңге
өсім – 16,2%

Сауда – 4,2 трлн теңге
өсім – 18,5%

Көлік саласы – 1,5 трлн теңге
өсім – 32,2%

Құрылыс – 847,2 млрд теңге
өсім – 36,1%

Ауыл шаруашылығы – 562,7 млрд теңге
өсім – 13,4%

Байланыс секторы – 298,7 млрд теңге
өсім – 29,1%

Басқа салалар – 3,8 трлн теңге
өсім – 23,8%

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz