Қызылорда облысындағы «Қарлаң» көпірінің құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Іргесі 2021 жылы қаланған нысан осыған дейін мердігердің жауапсыздығынан аяқсыз қалған.
Былтыр жұмысқа жаңа мердігер кірісті. Сырдария өзенінің үстінен өтетін темір-бетон өткелінің қазіргі күйі қалай?
Сырдарияның арғы бетінде он шақты елді мекен орналасқан. Ондағы 15 мыңға жуық тұрғын негізінен мал шаруашылығы мен егіншілікпен айналысады. Сонымен қатар, бұл өңірде тарихи Жанкент қалашығы бар. Тұрғындар екі ортада қалқымалы көпір арқылы ғана қатынап отыр.
Бекмырза Жаңбыршиев, Бірлік ауылының тұрғыны:
- Түктібаев, Карл Маркспен айналатын уақыттар болды. Абаймен айналатын уақыттар болады. Әсіресе ауру-сырқау, мысалы, ауру адамдар болған кезде жол қатынасы өте қиын.
Қазір мамандар көпірдің ең күрделі бөлігі - өзен арнасындағы тіректерді тұрғызуға кіріскен. Су ортасындағы бұл жұмыс арнайы гидрооқшаулағыштың көмегімен атқарылып жатыр. Жалпы ұзындығы 250 метрге жуықтайтын көпір құрылысының бүгінде 30 пайыз жұмысы атқарылған. Жобаны жыл соңына дейін іске қосамыз дейді мамандар. Сондықтан құрылыс алаңында бүгінде 80-нен астам адам мен 20 техника жұмылдырылып отыр.
Дәулет Әбиев, жоба жетекшісі:
- Оның 66 метр көпірінде «опалубка» жұмыстары бітіп, арматура жұмыстары 85 пайызға дайын. Осы айдың аяғына дейін 66 метр жерін бетондауды жоспарлап отырмыз. Арғы беттегі көпірдің сегіз тірегі бар, сол сегіз тірегінің бес тірегі дайын. Осы таңда үш тірегінде жұмыстар атқарылуда.
Құрылысты тиісті кестеге сай жүргізіп, сапасына баса мән беріледі,-дейді мамандар. Көпірді жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қызылорда #көпірPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz