Қызылордада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевқа арналған «Сапарбаев тұлғасы» кітабы таныстырылды.
Жинақта тәуелсіз еліміздің дамуына зор үлес қосқан азаматтың өнегелі өмір жолы мен қызметі туралы айтылған. Шараға жиналған зиялы қауым мен замандастары бірегей тұлға жайында ғибратты естелігімен бөлісті.
Елге қызмет етуді өмірлік мұратына айналдырған біртуар азамат. Еңбек жолын қатардағы маманнан бастап, бес бірдей облысты басқарды. Үкімет басшысының орынбасары лауазымына дейін көтерілген Бердібек Сапарбаевтың өмірі - өскелең ұрпақ үшін нағыз мектеп. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жаңа туындының жас буынды отаншылдыққа тәрбиелеудегі маңызы зор екенін атап өтті.
Мұрат Ергешбаев, облыс әкімі:
- Бұл еңбек жас ұрпаққа адалдық пен еңбекқорлықтың мәнін түсіндіріп, мемлекеттік қызметтің қадір-қасиетін терең сезінуге жетелейді.
Қай өңірге барса да, қордаланған күрделі мәселелерді шешуге күш салды. Халық оны «Дағдарыс менеджері» деп атады. Мықты қаржыгер әрі әлеуметшіл тұлғаның аймақтарды дамытудағы өзіндік қолтаңбасы мен тиімді басқару стилі осы туындыда кеңінен қамтылған,-дейді автор.
Абай Сейфуллаұлы, кітап авторы:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл кітаппен танысты. Хабардар, өзі қолдап, Сапарбаевтан басталған мемлекеттік қызметтегі тұлғалар сериясын жалғастыруға тапсырма берді. Қазір Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тікелей қолдауымен әрі қарай бұл жоба жүзеге асып жатыр.
Мұрат Бақтиярұлы, Мемлекет және қоғам қайраткері:
- Мына кітапты оқып шыққан кезде өте қарапайым сөзбен, енді бес облыста әкім болды ғой, сол облыстарда істеген жұмыстары туралы және облысы жеткен жетістіктері туралы және адамдармен қалай сөйлесу керек, қалай жұмыс істеу стильдері, соның барлығы әдемі келтірілген.
Шараға қатысушылар бұл жинақты жас буынның бой түзеп, үлгі алатын рухани бағдаршамы деп бағалады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Қызылорда #сапарбаев тұлғасы #кітап #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz