RU
Толық нұсқаға өту

Туристерді тегін түнететін шаңырақ

11.06.2026, 08:34 53

Түркістандық тұрғын өз шаңырағын шетелдіктер тегін түнеп шығатын қонақүйге айналдырды.

Орынбасар Сұлтан туристерді тарту үшін әлем саяхатшыларын біріктіріп, мәдениет алмасуға мүмкіндік беретін «Couchsurfing» платформасын пайдаланған. Түркістанға келетін саяхатшылар сондағы жазылған пікірлерді оқу арқылы Орынбасардың қонақжай шаңырағына аялдайды. Мұнда қызмет үшін ешкім ақы төлемейді, тек мәдени құндылықтармен алмасады. 

Орынбасар Сұлтанның қарапайым шаңырағында бүгінге дейін әлемнің 46 мемлекетінен жүзден астам шетелдік қонақ болған. Арысы Америка, Еуропа, Африка елдерінен, берісі Шығыс Азия мемлекеттерінен саяхатшылар келген. Үй иесі шетелдіктерге арнап арнайы бөлмелер де әзірлеп қойыпты.

- Негізінен екі бөлме дайындап қойғанбыз қонақтарға. Үлкен залымыз қонақтарға, мына жақта менің жұмыс орыным және балалар ойнайтын жер. 

Үй иесі шетелдіктерді дамыған инфрақұрылым мен бес жұлдызды қонақ үйлер емес, жергілікті халықтың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпы көбірек қызықтыратынын айтады. Орынбасардың өзі де осы платформа арқылы әлемнің 18 еліне саяхаттап, шетелдіктердің төрінде қонақ болған. Бұл үрдіс 10 жыл бұрын Түркияға барған сапарынан басталған. Кейін сол өзі көрген құрмет пен игі дәстүрді өз елінде жалғастыруды ұйғарған. Әрі балаларының да әртүрлі менталитетті көріп өскенін қалаған. 

Орынбасар Сұлтан, қала тұрғыны:

- Біздің үйге ең алғаш рет 2018 жылы Франциядан Кирил деген кісі келді. Мысалы, қонақтарды қабылдағанда оның профиліне кірем, оның ұсыныстарын оқимын. Менен алдын қабылдаған адамдар қалай қонақ етті. Қалай қонақ болды. Солардың барлығын оқып барып, одан кейін  қабылдаймын. Келген уақытта ауылдастардың арасында қорқыныш болды. Бұл не үшін жүр? Қонғаны үшін ақша ала ма? Тегін тамақ ішеді ме деп, барлығы толық тегін.

21 жастағы Кай Чэнг Тайвань елінен келген турист. «Өзімді тану үшін әуелі әлемді танимын» деп саяхатқа шыққан жас жігіт бұған дейін Кенияның саванналары мен Занзибар аралдарын, Оманның шөлдері мен Оңтүстік Кореяны түгел шарлаған. Қазақстан - оның әлемді тану жолындағы 27-аялдамасы. Сапарын Алматыдан бастаған ол, ұлы даланың рухын сезіну үшін Түркістанға табан тіреген.

Кай Чэнг, турист:

- Алматы мен Түркістан екі бөлек әлем. Алматы халықаралық әрі заманауи қала болса, Түркістан нағыз шығыстық колорит сақталған, ұлттық нақыштағы шаһар. Өте әдемі, таза, адамдары мейірбан екен. Нағыз жергілікті өмір тынысын сезіну үшін базарға барып, серуендегенді жақсы көремін. Ондағы әйелдердің киім үлгісі ерекше ұнады, менің еліме мүлде ұқсамайды. Ал палау мен әсіптің дәмі мүлдем бөлек. 

Бұл отбасының қонақжайлылығын сезінген әрбір саяхатшы кетерінде ақжарма тілегін жазып, арнайы естелік қалдыруды дәстүрге айналдырған. Орынбасардың үйін шағын музей деуге де болады. Мұнда әлем елдерінің валюталарынан бастап, сирек кездесетін пошта маркаларының түр-түрі кездеседі. Әлемді танып, мәдениет алмасу - әр адамның өз қолында. Ал жүздеген саяхатшыны үйінде қарсы алған түркістандық жігіттің қонақжайлылығы - үлкен туризмнің ең жылы көрінісі.

Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz